Өзбекстаннан елге заңсыз әкеліне жатқан 450 кг лимон кері қайтарылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлары Қазақстанға заңсыз кіргізілмек болған жемістерді тәркілеп, кері қайтарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өткен жылдың желтоқсан айында елімізге Өзбекстан Республикасынан қол жүгі арқылы заңсыз жолмен 600 кг анар, 450 кг лимон, 430 кг құрма, 57 кг әртүрлі жеміс өнімдері өткізілмек болған. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлары тез арада бұл жемістерді тәркілеп, кері қайтарды. Айыптылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

«Сонымен қатар, өткен жылдың желтоқсан айында Түркістан, Ақмола, Атырау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарының өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлары Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан және РФ-нан қауіпті өсімдік өнімдерін заңсыз кіргізу бойынша 20 факті тіркеп, тиісті шара қолданып айыппұл салған. Бұдан бөлек, мемлекеттік инспекторлар фитосанитарлық сертификаттары болмаған және таңбаланбаған 17 тоннадан астам жүзім, 16,2 тонна қызылша, 1,3 тонна алма және 24 кг гүл тұқымдарын ел шекарасына кіргізбеді. Тәжікстан және Түркіменстан елдерінен әкелінген 20 тонна кептірілген жеміс және 20 тонна қызанаққа Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) фитосанитарлық талаптарына сәйкес болмауына байланысты рұқсат берілмесе, РФ-нан фитосанитарлық сертификатының жоқтығы мен таңбаланбағандары үшін 20 тонна бидай, 2,7 тонна асқабақ, 40 тонна картоп ел шекарасынан өте алмады» делінген хабарламада.

Тағы бір айта кететін жайт, инспекторлар Ресейден «Жатаған укекіре» (қызғылт) өсімдік зиянкесі жұққан 76 тонна бидайдың Қазақстанға кіруіне жол бермеді. «Жатаған укекіре» - ең зиянды және жою қиын арамшөптердің қатарына кіреді. Осы себепті әлемнің көптеген елдерінде ол қауіпті карантиндік объектілер тізіміне енгізілген.

Жоғарыда аталған фактілер бойынша толық тексеру жүргізіліп, өсімдіктер карантині саласындағы ұлттық заңнамалардың талаптарына сәйкес жүктер кері қайтарылып, айыпты тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.



Соңғы жаңалықтар