Өзекті проблемалардың шешімі әлеуметтік үйлесімдік пен тұрақтылықты нығайтады - Яо Пэйшэн

None
None
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіндегі бастамалары Қытай сарапшылық қауымының қызығушылығын тудырды. Бұл туралы халықаралық зерттеулер қытайлық қорының ғылыми қызметкері, ҚХР-дың Қырғызстандағы, Латвиядағы, Қазақстандағы және Украинадағы бұрынғы елшісі Яо Пэйшэн мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сарапшының пайымынша, Қазақстан Президенті Қ. Тоқаевтың көпбалалы отбасыларға қолдау жасау бастамаларының маңызы зор.

«Көпбалалы отбасылар тақырыбы – ол тек қаржылық мәселе ғана емес. Бұл тұрғыдағы қадамдар балалардың тұлғалық өсімін, олардың ата-аналарының өмірін, білім мен денсаулық саласын және мемлекеттің болашақ ұрпағының сапалы дамуын қамтып отыр. Осындай өзекті проблемалардың шешімі әлеуметтік үйлесімдік пен тұрақтылықты нығайтады», - деді ол.

Сонымен қатар сарапшы Қазақстан Президентінің ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекеттік қадағалау ұсынысына тоқтала келе, бұл бастамалар жер ресурстарының әлеуетін толыққанды пайдалануға мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Қазақстанда агроөнеркәсіптік кешені дамыту үшін үлкен перспективалар бар. Егістік алқаптарды тиімді пайдалану халықтың әл-ауқатын арттырумен қатар, еуразиялық нарықты ауыл шаруашылығы өнімімен толықтырады. Осы орайда Қытай мен Оңтүстік Шығыс Азияда бидайға деген елеулі сұраныс бар. Меніңше, Қазақстан Президентінің ауыл шаруашылығы жерлеріне мемлекеттік бақылаудың экономикалық, құқықтық және ғылыми әдістерін пайдалану туралы ұсынысы тиісті нәтиже берері анық», - деді Яо Пэйшэн.



Соңғы жаңалықтар