Өзімнің және баламның амандығы үшін: Ақмолалық жас ана Comirnaty вакцинасын алды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында вакцинация науқаны жалғасып жатыр. Бүгінгі таңда Pfizer компаниясының Comirnaty вакцинасы бала емізетін 110-нан астам әйелге егілді. Осы вакцинаны алғандардың бірі – Ботагөз Ақбаева екпеден кейінгі көңіл-күйі туралы өз ойымен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ботагөз Ақбаеваның айтуынша, өңірге «Pfizer» компаниясының Comirnaty вакцинасы түскеннен кейін оған бірден вакцинаның бар екендігі туралы хабарландыруды алды.

«Дәрігерлер маған вакцина алуды ұсынды, мен бір апта бойы ойланып, енді міне оны алуға келіп отырмын. Мен бала емізетін анамын, алты айлық сәбиім бар. Көңіл-күйім көтеріңкі», - деп өз ойымен бөлісті Ботагөз Ақбаева.

Сонымен бірге, жас ана вакцина алуға өзінің және баласының қауіпсіздігі үшін барғанын айтуда.

«Менің вакцина алудағы басты себебім - өзімнің және баламның қауіпсіздігі. Бала емізетін өзге аналарды да қорықпай, вакцина алуға шақырамын», - деп қосты Ботагөз Ақбаева.

Көкшетау емханасының акушерия және гинекология жөніндегі бас дәрігерінің орынбасары Жұлдыз Алпиламның айтуынша, екпеден кейінгі науқастың жағдайы жақсы. Болжам бойынша, алдымен ол жарты сағат бойы медицина қызметкерлерінің бақылауында болды, содан кейін оның жағдайы үш күн бойы телефон арқылы тексеріледі.

Көкшетау қалалық емханасының педиатрия бөлімінің меңгерушісі Жанна Елемесованың мәліметінше, науқан басталғаннан бері қалада бала емізетін 25 әйел вакина алған.

«Бүгінде 121 жасөспірім екпе алды. Жүкті әйелдер әлі болған жоқ, бірақ сәрсенбіге жазылғандар бар. Емханада ақпараттық-түсіндіру жұмысы жүргізіліп жатыр», - деді Жанна Елемесова.

Айта кетсек, 2021 жылғы 28 қарашадағы жағдай бойынша Ақмола облысының халқын Pfizer қамту (1 компонент) көрсеткіші 12-17 жас аралығындағы жасөспірімдер бойынша – 498 адам, жүкті әйелдер бойынша – 10 адам, бала емізетін әйелдер бойынша – 110 адам, ал вакцинацияға жататындар саны 66 105 адамды құрап отыр.

Еске сала кетсек, ДДСҰ мақұлдаған әлемдегі алғашқы вакцина – Pfizer Ақмола облысына 17 қарашада түскен болатын. Бірінші кезеңде 35 100 доза жеткізілді.


Соңғы жаңалықтар