Пандемия басталғаннан бері 13 мың кәсіпкерлік нысан жұмысын бастай алмай отыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елдегі эпидемиологиялық жағдай бойынша деректерді бақылау және талдау мақсатында әзірленген «Ashyq» қосымшасы 13 мың кәсіпкерліктің жұмысын бастауына мүмкіндік жасайды. Бұл туралы «Атамекен» ҚР ҰҚП Басқарма төрағасының орынбасары Нариман Әбілшайықов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бастапқыда бұл ілкі жүйені Алматы қаласында қолға алмақ болған едік. Өйткені, бізде әлі жұмысын бастамаған 13 мыңнан астам кәсіпкеріміз бар. Оның ішіне компьютерлік клубтар, банкет, боулинг, бильярд залдары кіреді. Осыған байланысты аталған саладағы кәсіпкерлердің жұмысын жандандыру мақсатында ілкі жүйені қолға алмақпыз. Осы айдың басынан Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында бұл жүйеге 55-тен астам кәсіпкер қатысуда. Жалпы платформада 8 мыңнан астам кәсіпкер тіркелді. Бұл жұмысты кәсіпкерлермен жүргізіп, 2 апта ішінде қорытындысын шығарамыз. Басқа кәсіпкерлік салаларды енгізуге болатындығын не болмайтындығын зерделегеннен кейін бас мемлекеттік санитар дәрігерге ұсынамыз», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихаты барысында БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Оның атап өтуінше, базарларда, сауда-саттық орталықтарында, үй жанындағы дүкендерде мұндай QR-кодтарды енгізудің еш қажеті жоқ.

Бұған дейін, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігі бірлесіп, елдегі эпидемиологиялық жағдай бойынша деректерді бақылау және талдау мақсатында «Ashyq» қосымшасын әзірлегенін хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар