Пара алған Ақмола облысының бұрынғы шенеуніктері ірі көлемде айыппұл төлейді

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Аршалы ауданы әкімінің бұрынғы орынбасары Ризат Сабиров пен аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімінің бұрынғы басшысы Самат Оспанов 28 миллион теңге айыппұл төлейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ақмола облысының Аршалы аудандық сотында аудан әкімінің бұрынғы орынбасары Ризат Сабыровқа және Аршалы ауданының сәулет және қала құрылысы бөлімінің бұрынғы басшысы Самат Оспановқа қатысты пара алды деген айыппен қылмыстық іс келісу өндірісінде қаралды.

«2020 жылғы 21 қыркүйекте С.Оспанов өзінің қызметтік кабинетінде Р. Сабировпен алдын ала сөз байласу арқылы жер учаскесін алу туралы өтініші бойынша жер комиссиясының оң шешімін шығарғаны үшін кәсіпкерден бір миллион теңге көлемінде ақша талап етті. Әңгіме барысында олардың арасында 800 000 теңге көлеміндегі пара сомасы туралы келісімге келеді. Нәтижесінде әйелге қосымша жер телімі берілді. Осылайша, Сабыров пен Оспанов жер учаскесін алу туралы өтініші бойынша жер комиссиясының оң шешімі үшін 800 000 теңге сомасында пара алды», - делінген сот хабарламасында.

Басты сот талқылауы барысында сотталушылар мен прокурор арасында кінәні мойындау туралы мәміле нысанында процестік келісім жасалды. Сабиров, Оспанов және олардың қорғаушылары кінәні мойындау туралы мәміле нысанында процессуалдық келісім жасай отырып, айыптауға және іс бойынша жиналған дәлелдемелерге дау айтпады, кінәні толық көлемде мойындады.

«Сот айыпталушы Сабиров пен Оспановқа қылмыстық жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін мән-жайларды жас балаларының бар екенін және шын жүректен өкінетінін мойындады. Қылмыстық жауапкершілік пен жазаны ауырлататын мән - жайлар ретінде сот өзі қабылдаған антты немесе кәсіби антты бұзған адамның қылмыстық құқық бұзушылық жасағанын мойындады», - деді ведомствоның баспасөз хатшысы Күләш Домалақова.

Сот үкімімен экс-шенеуніктер ҚР ҚК 366-бабы 3-бөлігінің 2-тармағында көзделген «мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген лауазымды адамның жеке өзі және делдал арқылы адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша жасаған пара берушінің пайдасына жасалған іс-әрекеттері үшін ақша түрінде пара алуы» қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Олардың әрқайсысына мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 28 млн теңге мөлшерінде 35 еселенген пара сомасы түрінде жаза тағайындалды. Үкім заңды күшіне енді.

Айта кетейік, Р.Сабиров 2019 жылдың 4 қазанынан бастап Аршалы ауданы әкімінің орынбасары, ал С. Оспанов 2014 жылдың 19 желтоқсанынан бастап Аршалы ауданының сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы лауазымына тағайындалған болатын.


Соңғы жаңалықтар