Паралимпиада жүлдегері Александр Герлиц «Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері» атанды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2022 жылғы қысқы паралимпиада жүлдегері Александр Герлицке «Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген спорт шебері» атағы берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Спортшыға төсбелгіні ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов табыстады.

Салтанатты іс-шараға ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, «Қазақстан Республикасының Ұлттық паралимпиада комитеті» ҚБ Бас хатшысы Ерлан Сүлейменов және Паралимпиада құрамасының бас бапкері Василий Коломиец қатысты.

«Қазақстанның барлық паралимпиада құрамасына осындай жетістік үшін алғыс айтқым келеді. Сіздер керемет нәтиже көрсеттіңіздер. Қайсарлық пен табандылықтарыңыздың арқасында біздің еліміз осы ойындарда лайықты өнер көрсетті. Бұл нәтиженің соңында спортшылардың өздеріне және олардың жаттықтырушыларына ғана белгілі орасан зор еңбек жатыр», - деді Ералы Тоғжанов.

Премьер-Министрдің орынбасары бұқаралық спортты дамыту және инклюзивті ортаны құру мәселелеріне ерекше назар аударды, оның айтуынша, бұл мәселелер Мемлекет басшысының жеке бақылауында.

Ералы Тоғжанов мемлекет тарапынан спортты дәріптеу үшін барлық қажетті жағдайларды жасаудың жалғасатындығын жеткізді.

«Александр өзіне жүктелген жоғары сенімді ақтады. Сіздің жетістіктеріңіз-мықты рухани жігердің жарқын үлгісі. Бізді алдағы жарыстарға дайындық бойынша үлкен жұмыс күтіп тұрғанын атап өткім келеді. Біз осы паралимпиадада жоғары нәтижелер көрсеткен ҚХР мен Украинаның тәжірибесін мұқият зерделейміз», - деді Дәурен Абаев.

Сондай-ақ, салалық мекеме басшысы спортшылардың жетістіктеріне паралимпиада комитетінің қосқан үлесі туралы да баяндап берді.

Өз кезегінде Александр Герлиц қазақстандықтарға қолдау көрсеткені үшін алғыс айтып, құраманың барлық жаттықтырушылар штабының үйлесімді және кәсіби жұмысын атап өтті.

Естеріңізге сала кетейік, XIII қысқы Паралимпиада 2022 жылғы 4-13 наурыз аралығында Бейжіңде өтті.

Оған әлемнің 50 елінен 700-ден астам спортшы қатысты. Қазақстан құрамасы бір қола медальмен 17-орынға табан тіреді.

Ұлттық паралимпиада құрамасына 5 спортшы кірді: Ербол Хамитов, Александр Герлиц, Сергей Усольцев, Юрий Березин және Денис Петренко.


Соңғы жаңалықтар