Парамен ұсталған Зеренді ауданының бұрынғы әкімі сотталды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында пара алу кезінде ұсталған Зеренді ауданының бұрынғы әкімі Берікжан Әбутәліпов пен аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының басшысы Нұрлан Бақанов және кәсіпкер Аркадий Столяренкоға қатысты сот үкім шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Сот Б.Әбутәліповті ҚР ҚК 366 бабының 3 бөлігі 2 бөлімшесі, 361 бабының 4 бөлігі 3 бөлімшесі бойынша кінәлі деп танып, мүлкін, заңсыз жолмен алынған 741 080 ақшасын тәркілеу арқылы 5 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесті. Сонымен қатар, ол өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымда болу құқынан айырылды», - деді ведомстводан.

Бұдан бөлек, экс - әкім жазасын өтеу кезінде жыл сайын 100 сағаттан аспайтын уақытқа мәжбүрлі түрде жұмыс істеуге міндеттелді.

Ал, Н.Бақановты ҚР ҚК 366 бабының 3 бөлігі 2 бөлімшесі, 361 бабының 4 бөлігі 3 бөлімшесі және 189 бабының 3 бөлігі 1,2 бөлімшелері бойынша кінәлі деп танып, мүлкін, заңсыз жолмен алынған 741 080 ақшасын тәркілеу арқылы 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру (қауіпсіздігі орташа түзету мекемесінде жазасын өтейді) туралы үкім шығарды. Сонымен қатар, ол да өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымда болу құқынан айырылды.

Аркадий Столяренко ҚР ҚК 189 бабының 3 бөлігі 1 бөлімшесі бойынша бойынша кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Ол ҚР ҚК 367 бабының 2 бөлігінде қарастырылған – оның әрекетінде қылмыстың құрамы болмағаны ақталды.

«Әбутәліпов пен Столяренкоға жазасын өтеу мерзімінде мынадай пробациялық бақылау орнатылды: Тұрақты мекенжайы мен жұмыс орнын ауыстырмауға, құзыретті мемлекеттік органның ескертуінсіз ешқайда кетпеуге, сағат 21:00-ден 07:00 дейін қоғамдық орындарға бармауы тиіс», - деп толықтырды ведомстводан.

Ведомстводан атап өткендей, сотталғандарды тұрғылықты жері бойынша құзырлы мемлекеттік орган бақылайтын болады. Егер сотталған тұлғалар жазадан бас тартатын болса, онда бас бостандығын шектеу шарасы, бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға ауыстырылады. Сотталушылар Әбутәліпов, Бақанов және Столяренкодан ауыр қылмысы үшін зардап шеккен жақтың өтемақы қорына 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде мәжбүрлі төлем өндіріліп алынды.

Сот үкімі күшіне енген жоқ.


Соңғы жаңалықтар