Парламент Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған рақымшылық заңын қабылдады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңы қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Құжаттың мақсаты – аса ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс үшін жазадан босату және кейбір ауыр, аса ауыр қылмыстар үшін жаза мерзімін қысқарту. Рақымшылық ардагерлерге, кәмелетке толмағандарға, жасы үлкендерге, бірінші және екінші топтағы мүгедектерге, қоғамға қауіп төндірмейтін адамдарға қолданылады», - деді Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев

Оның айтуынша, заң жобасын талқылауға мемлекеттік орган өкілдері, қоғам қайраткерлері және сарапшылар атсалысқан, ғылыми-құқықтық сараптама жасалды

«Еліміздегі 64 мекеме мен 16 тергеу изоляторында 34 мың адам бар. Оның ішінде 30 мың азаматқа сот үкімі шыққан. Қалған 4 мың адам тергеуде қамауда отыр. 93 пайызы ауыр және аса ауыр қылмыс жасағаны үшін қамауда отыр. 45 пайызы оның алдында бірнеше рет сотталған. Сонымен қатар, 32 мың адам пробациялық бақылауда», - деді Ерлан Тұрғымбаев.

Министрдің сөзіне қарағанда, жоба бойынша 2292 сотталушыға, 11 753 пробацияда тұрған адамға рақымшылық жасалады. Нәтижесінде, 1000 адам қамаудан бостандыққа шығады. 3881адам пробациялық бақылаудан босатылады.

«Екіншіден, 1330 сотталушыға, 7492 пробацияда тұрған адамға жаза мерзімі қысқартылады. Үшіншіден, сотқа дейінгі тергеу өндірісіндегі 5 мың қылмыстық іс қысқартылады. Оның ішінде 1674 адам қылмыстық жауапкершіліктен босатылады. 1471 адамға сот органдары жаза мерзімін қысқарту немесе босату ережелері қолданылады», - деді Е.Тұрғымбаев.

Ведомство басшысы заң бойынша аса ауыр қылмыс жасаған азаматтарға рақымшылық жасауға тыйым салынғанын ескертті.


Соңғы жаңалықтар