Павлодар облысында 175,8 млн теңге жалақы қарызы өтелді

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облысында жыл басынан бері мемлекеттік инспекторлар қолға алған шаралардың нәтижесінде 141 кәсіпорында 175,8 млн теңге көлеміндегі жалақы бойынша қарыз өтелді, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында Павлодар облысының еңбек басқармасының басшысы Асқар Қапанов мәлім етті.

«Еңбекақыны уақытында төлемеу оқиғалары мемлекеттік еңбек инспекторлары тарапынан шұғыл шешіледі, бұл мәселе тұрақты бақылауда», - деді Асқар Қапанов.

Жыл басынан бері 1388 жұмысшының құқықтары қорғалды. Кәсіпорындардың жетекшілеріне қатысты 19 ұйғарым шығарылып, 4,9 миллион теңгеге айыппұл салынды. Бүгінгі таңда жалақы бойынша қарыздар келесі кәсіпорындарда бар: «Қазақстан вагон құрылысы компаниясы» ЖШС – 508 жұмысшының алдындағы 117,6 миллион теңгенің қарызы, «Эк Алпар» ЖШС – 7 жұмысшының алдындағы 1,3 миллион теңге.

Еңбек басқармасы басшысының айтуынша, банкрот кәсіпорындар мен оңалу кезеңіндегі кәсіпорындардың қарызы 5 ұйымда бар. Олар 146 жұмысшыға 52,4 млн теңге берешек. «Жалақы бойынша қарызы бар, бірақ, жұмысын тоқтатқан кәсіпорындар: «МусаИмпекс» ЖШС - 10 адам - 0,5 млн теңге, «Нұр-Павлодар» ЖШС - 23 адам - 29 млн теңге, «Унистрой-ПВ» ЖШС - 76 адам - 10,4 млн теңге, «Green House-Павлодар» ЖШС - 32 адам - 2,5 млн теңге, «Food Center Astana» ЖШС - 5 адам - 10 млн теңге», - деп атап өтті Асқар Қапанов.

Жалақыны уақытында төлеу бойынша мәселелері бар және өндірістік жарақаттар оқиғаларының өсуіне жол берген кәсіпорындардың мәселесі әлеуметтік серіктестік, әлеуметтік, еңбек қарым-қатынастарды реттеу жөніндегі аймақтық комиссияның және проблемалы кәсіпорындар (дағдарысқа қарсы штаб) жөніндегі жұмыс тобының отырыстарында тыңдалады.

Айта кетейік, комиссиялар отырысы бекітілген график бойынша бір тоқсанда кем дегенде бір рет өткізіледі. Осы тектес жұмыс облыстың аудандарында оң жолға қойылған. Жыл басынан бері қалалар мен аудандардың үшжақты комиссияларының 14 отырысы өтті. Шараға 24 жұмыс беруші шақырылып, тыңдалды.

Соңғы жаңалықтар