Павлодар облысында 31 елді мекенді су басу қаупі бар

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов көктемгі су тасқынына қарсы жұмыстарды пысықтау мақсатында ТЖ жөніндегі комиссияның отырысын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

Әбілқайыр Сқақов ТЖ қызметі мен әкімдіктер үшін уақыт аса тығыз екендігін айтып, оларға барлық ресурстарды жұмылдыруды және су басу қаупі бар орындарды анықтауды тапсырды. Өңірдегі жағдай туралы ТЖ бойынша департаменттің басшысы Ернұр Өтегенов баяндады. - Осы қыста өңірде қар жалпы нормадан 25 пайыз артық жауды. Мұндай жағдай 2017 жылы орын алған еді. Сол кезде еріген қар суы 7 тұрғын үй және 27 ауланы басып, теміржолда 1, автомобиль жолдарында 38 су өту жағдайы орын алған болатын. Құтқарушылар мен әкімдіктердің мәліметтері бойынша қазіргі кезде 31 ауылды су басу қаупі бар.

– Менің ойымша, бұл сан сіздер айтқаннан көп болуы мүмкін, – деді аймақ басшысы. – Қатер аймағына енуі мүмкін әр елді мекенді бақылауға алу керек. Ауылдар мен қыстауларды жем-шөппен, дүкендер мен дәріханаларды азық-түлік және дәрі-дәрмек қорымен қамтамасыз ету қажет. Төтенше жағдай туындағанда адамдармен байланыс үзілмеуі тиіс.


Әбілқайыр Сқақов ТЖ қызметтеріне көктемгі су тасқынына дайын болуын, ал, қалалар мен аудандардың әкімдеріне елді мекендердегі қарды тездетіп шығаруды тапсырды. Сонымен қатар, төтенше жағдайда дереу әрекет жасау және халыққа хабар тарату үшін бірыңғай коммуникация желісін ұйымдастыруды тапсырды.
Соңғы жаңалықтар