Павлодар облысында әуежайда тұрған ұшаққа жай түсті

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодарда әуежайда тұрған FlyArystan ұшағына жай түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат pavlodarnews.kz ресурсына сілтеме жасап.

Борт Алматыға ұшайын деп дайындалып тұрған болатын.

«Инженерлер ұшаққа жай түскенін растады. Ұшақ Павлодарда қалады, бортты техникалық тексеруден өткізу керек. Оқиға орнында инженерлер жұмыс істеп жатыр» деп хабарлады лоукостердің PR менеджері Ләззат Нәбиева. Оның айтуынша, ұшаққа ештеңе болмауы да мүмкін. Бірақ техникалық регламент бойынша бәрібір инженерлік-техникалық тексеруден өткізу - міндет. Компанияның мәліметінше, 133 жолаушы белгіленген уақыт - сағат 18:33 кезінде Алматыға ұша алмаған. Оларды діттеген жеріне жеткізу үшін Нұр-Сұлтаннан басқа ұшақ ұшып шыққан. Ол жолаушыларды мінгізіп, сағат 23:20 кезінде Алматыға ұшады. Ләззат Нәбиеваның сөзіне сенсек, регламент бойынша күту кезінде жолаушыларға әуежайда сусын мен тамақ берілген. Айта кетейік, бұған дейін синоптиктер 4 шілде күні облыста найзағай жарқылдап, дауыл соғатынын ескерткен болатын.
Соңғы жаңалықтар