Павлодар облысында аязда көлігі сынып қалған жолаушылар құтқарылды

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облысында аязда көлігі сынып қалған жолаушылар құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

Облыстық полиция департаментінде полиция мен төтенше жағдайлардың көптеген ескертулеріне қарамастан, кейбір көлік жүргізушілері алыс жолға шығатынын айтады. Салдарынан төмен ауа температурасына төтеп бере алмаған автокөлік істен шығады.
- 2021 жылғы 9 қаңтарда сағат 07.30 шамасында Достық ауылынан Чернорецк ауылына өз әкімшілік учаскемді аралап шыққан едім. Омбы - Майқапшағай автожолында «Ниссан» автокөлігін байқадым. Павлодар қаласының екі тұрғыны Тереңкөл ауданына қонаққа бара жатқан, бірақ жолда көлік бұзылып қалған. Жүргізуші өз бетінше себебін анықтай алмады. Жел мен қатты аяз көлік ішін суытып жіберген, - дейді Павлодар ауданының учаскелік полиция инспекторы Дәурен Қабышев.

Жолаушылар көлік кенеттен бұзылып, тоқтап қалғанын, біраз уақыт тұрғаннан соң тоңа бастағандарын және өз күштерімен аяз болғандықтан жөндей алмағандарын айтады.
- Тас жолда көліктер жүре қоймады, ал жүргендер тоқтамады. Шамамен бір сағаттан кейін тоңып, еш нәрсе істей алмайтынымызды түсіндік. Сол кезде полиция қызметкері келе қалды. Ол автокөлікті тіркеп сүйреуге алуға шешім қабылдады. Чернорецк ауылына дейін сүйреп апарды. Полиция қызметкері көлікті өз ауылында қалдырып, бізді жол бойында әрі қарай баратын жерімізге отырғызып жіберді. Демалыстан кейін біз туыстарымызбен келіп, көлікті алып кеттік. Бізге көмектескені үшін Дәурен Қабышевке ризамын және барлық полицейлерге денсаулық пен сәттілік тілеймін, - дейді өз ризашылықтарын білдірген павлодарлықтар.


Соңғы жаңалықтар