Павлодар облысында азық-түлік бағаларының тұрақты мониторингі жүргізілуде

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов өңірдің азық-түлік тауарларын жеткізушілерімен және көтерме-бөлшек сатушыларымен кездесті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, жұмыс кеңесіне Small, iNMART, Greenwich, «Лидер» сауда желілерінің, көтерме-бөлшек сауда нарықтарының және азық-түлік өнімдерін жеткізуші компаниялардың 30-дан астам өкілі қатысты. Аталмыш сауда орындарына облыстың азық-түлік нарығының 65% – ы тиесілі. Олар соңғы күндері сатып алушылар санының шамалы ғана өскенін атап өтті. – Сатып алушылардың аздап артуын біз әдетте айдың басында берілетін еңбекақы алумен байланыстырамыз, – деп мәлім етті Greenwich сауда желісінің өкілі Татьяна Усова. – Бүгінде қантты сәл көбірек сатып алуда, бірақ жалпы сатып алу көлемі бұрынғы деңгейде. – Біздің супермаркеттердегі орташа чек 8% – ға өсті, бірақ бұл көрсеткіш ақпанмен салыстырғанда наурыз айында үнемі өсіп тұрады, – деді iNMART сауда желісінің өкілі Қуандық Қосымов. – Біздің желі бойынша сатып алушылар санының артуы жоқ. Азық-түлік жеткізушілері мен көтерме сауда орындарының қоры бір айдан үш айға дейінгі мерзімге есептелген. Сонымен қатар, нарықтың ірі қатысушыларының азық-түлік жеткізуге арналған қолданыстағы келісімшарттары бар.

Әбілқайыр Сқақов жауапты мемлекеттік органдар азық-түлік тауарлары мен олардың бағасына, оның ішінде әлеуметтік дүкендерде тұрақты мониторинг жүргізуі тиіс екенін атап өтті. – Бізге жағдайға объективті мониторинг жүргізу қажет. Егер қандай да бір позиция бойынша бізде қиындықтар туындайтын болса, біз бұл мәселені жедел шешуіміз керек,-деп атап өтті өңір басшысы. – Әрине, аса қажет болған жағдайда біз тауар интервенцияларын жүргізетін боламыз.

Кеңес қорытындысы бойынша Әбілқайыр Сқақов кәсіпкерлік және сауда басқармасына және басқа да құзыретті ведомстволарға бірқатар тапсырмалар берді.


Соңғы жаңалықтар