Павлодар облысында ұжым қызметкерлерінің 80 пайызы қашықтан жұмыс істеуге көшірілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Павлодар облысында ұжым қызметкерлерінің 80 пайызы қашықтан жұмыс істеуге көшірілді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өткен аптада облыста коронавирустың 932, өткен тәулікте 125 жағдайы тіркелді. Денсаулық сақтау жүйесіне жүктеме байқалмайды. Инфекциялық төсек-орындардың жүктемесі 35 пайызға жетпейді. Ал реанимациялық төсек-орындар жүктемесі 17 пайызды құрайды. Өкпені жасанды желдету аппараттарына 13 пациент қосылған. Оттегі, басқа да жабдықтар, медициналық персоналдың қажетті саны бар. Алғашқы медициналық буын жұмысы күшейтілді. Емханалар жанында 175 мобильді бригада жұмыс істейді. Стационарларда 45 күнге жететін дәрілік заттар қоры бар. ПТР тестілеу жүргізетін 6 зертхана жұмыс істеп тұр», - деді облыс басшысы.

Оның атап өтуінше, өңірде вакцинаның бірінші компонентімен 51 077 адам, екінші компонентпен 14 мың адам екпе алды. Облыс бойынша барлығы 135 вакцинациялау пункті бар. Оның ішінде 17 медициналық мекемеден тыс 37 көшпелі бригада жұмыс істейді. Олар еңбек ұжымдарының шақырумен вакцина салады. Жылжымалы медициналық кешендер де жұмыс істеп жатыр.

«Облыс қазір «қызыл» аймақта. Кешеден өңірде күшейтілген карантиндік іс-шаралар енгізілді. Облысаралық және облысішілік тасымалдардың көпшілігі тоқтатылды. Ұжым қызметкерлерінің 80 пайызы қашықтан жұмыс істеуге көшті. Қоғамдық тамақтану және сауда нысандарына баруға уақытша және сандық шектеулер, басқа да іс-шаралар енгізілді», - деді Әбілқайыр Сқақов.


Соңғы жаңалықтар