Павлодар облысында жаңа қант зауыты бойынша жоба жүзеге асырылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов қант зауытын салу жобасы туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қант зауыты жобасын жүзеге асыру жұмыстарымен «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы айналысып жатыр. Бұл жобаның ерекшелігіне тоқталсақ, зауыт шетелден жеткізілетін шиказатты емес, еліміздегі қант қызылшасын өңдейді. Қазіргі кезде жобалау-сметалық құжатнама аяқталуға жақындап қалды. Жобалаушы тараптың жұмысына наразылық айтылған болатын, яғни 100-ден астам ескерту жасалды. Жоба технологиялық тұрғыдан алып қарағанда өте күрделі екенін түсіну керек», - деді Ә. Сқақов Орталық коммуникациялар қызметінде.

Оның айтуынша, аталған жоба аясында өнімді өңдеу, қант қызылшасын өсіру қамтылмақ. Осы орайда өндірісте тиісті біліктілік деңгейі назарға алынуы керек.

«Жобаны асығыс қабылдай салуға болмайды. Биылдың соңына қарай біз мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын аламыз деп ойлаймын. Содан кейін жоба бағалаудан өткеннен соң, инвесторларды іздестірумен айналысамыз. Бұл ретте тиісті технологиясы мен біліктілігі бар мамандар келуі керек. Атап айтқанда, бұл жоба әлеуметтік жағынан маңызды болып тұр. Сондықтан оны жүзеге асыруға басымдық беріліп отыр», - деді облыс әкімі.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Павлодарда емханалардың жұмысын қайта құру жүріп жатыр.


Соңғы жаңалықтар