Павлодар облысының Ақсу қаласында жылу қазандығы қолданысқа беріледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл Павлодар облысының Ақсу қаласында қаланы орталықтандырылған жылумен қамтамасыз ететін қазандық пайдалануға беріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде айтты.

«Ақсу қаласында биыл қаланы орталық жылумен қамтамасыз ететін жылу қазандығы пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, мұз аренасының құрылысы мен «Заманауи мектеп» өңірлік бағдарламасы бойынша мектептерді жаңғырту жұмыстары басталды. Биыл облыстың 56 мектебі жөндеуден және жаңғыртудан өтеді. Жұмыс істеп тұрған екі мектепке қосымша корпус жалғанып, жаңадан екі мектеп салынады», - деді аймақ басшысы.

Әкімнің айтуынша, жыл аяғына дейін облыс аумағында 150 құрылыс және абаттандыру жобасы іске асырылмақ.

«Олардың жартысына жуығы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша жүзеге асады. Біз ауыл тұрғындарын сапалы ауыз суға қол жеткізумен қамтамасыз ету жөніндегі жоспарларды жеделдетіп, мәселені 2023 жылы толық шешуге ниеттіміз. Осы жылдың қорытындысы бойынша 212 мың адам немесе өңірдегі ауыл тұрғындарының 95%-ы сапалы ауыз суға қол жеткізеді», - деді облыс әкімі.

Әбілқайыр Сқақов облыс экономикасын агроөнеркәсіп кешенінің әлеуеті есебінен әртараптандыру жоспары бар екенін мәлім етті.

«Осы саладағы инвестициялық жобалар пулында 2025 жылға дейін 230 млрд теңгенің 46 жобасы тұр. Оның жартысынан көбі осы жылға тиесілі. Атап айтқанда, 6 тауарлы-сүт фермасын іске қосу жоспарлануда. Бұл сүттің өнеркәсіптік өндірісін 19 мың мың тоннаға немесе 5%-ға арттыруы тиіс», - деді әкім.

Облыс басшысы биыл өңірде егіс алаңы 6%-ға өсіп, 1,5 млн гектардан асқанын атады. Әсіресе күнбағыс және қарақұмық дақылдарының алқабы ұлғайтылған. Сондай-ақ, ол Павлодар облысында егілген 42 мың гектар қарақұмық алқабы Қазақстан бойынша жалпы қарақұмықтың егістігінің 44%-ын құрайтынын атады.


Соңғы жаңалықтар