Павлодар облысының Ертіс ауданында ауыз су тарифі үш есеге азаяды

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Павлодар облысының Ертіс ауданында ауыз су тарифі үш есеге азаяды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ертіс ауданының тұрғындары үшін тарифті субсидиялауға республикалық бюджетте 195 миллион теңге қарастырылған.

Беловод су құбырына қосылған тұрғындар үшін тарифті төмендету туралы облыстық әкімдікте өткен энергетика және ТҮКШ, жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары басқармаларының алқа мәжілісінде айтылды. Қазіргі кезде бір текше метр судың құны 300 теңге. Тарифті республикалық бюджеттен субсидиялау басталған кезде оның құны үш есеге азаяды.

«Ауыл шаруашылығының министрі тиісті бұйрыққа қол қойды. Қазір бұл мәселе бірінші вице-премьердің қарауында. Республикалық бюджетте бұл мақсатқа 195 миллион теңге қарастырылды. Барлық шығынды есепке алғанда тұрғындар үшін бір текше метр судың құны 100 теңгеге жуық болады», - деді Ертіс ауданының әкімі Аян Бейсекин.

Биылғы жылы Павлодар облысының ауылдық аймақтарында топтық су құбыры салынып, 700 шақырым су желісі тартылды. Аймақ басшысы Болат Бақауов медігер ұйымдардың су желісіне қажетті құбырын әлі де болса Нұр-Сұлтан мен Қарағанды қалаларынан сатып алатынына қынжылыс танытты.


«Ақсуда «құбыр жасаумен айналысатын «ДАНиЕР» ЖШС жұмыс істейді. Бұл кәсіпорын құбырларын нарыққа шығаруға әзір ме? Егер, дайын болса, олар өнімді артығымен шығарып, мердігерлер өзімізде жасалған құбырларды сатып алуға жағдай жасау керек», - деді облыс әкімі.

Сонымен қатар, аймақ басшысы салынған және құрылысы жүріп жатқан су құбырларына қызмет көрсететін техниканы қазіргі кездің өзінде сатып алу керектігін ескертті.

«2023 жылы ауылдық аймақтардағы орталықтандырылған су желілерін салуды аяқтауға тиістіміз. Алайда, су құбырларының қожайыны болмаса, олар бес жылдың ішінде жарамсыз болып қалады. Ол үшін бізге экскаватор, дәнекерлеу аппарат, басқа да құрал-жабдық қажет. Осы мәселені шешу үшін біздің қаржы институттары арқылы техниканы лизингке алу мәселесін шешу керек», - деді Болат Бақауов.



Соңғы жаңалықтар