Павлодарда алғаш рет егіздердің фестивалі өтті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Павлодарда егіздер мен үшемдердің ерекше отбасылық мерекесіне үш жүзге жуық адам қатысты, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.

Қалалық ішкі саясат бөлімі басшысының м.а. Гүлжан Апсаликованың айтуынша, осындай ерекше шараны өткізу туралы бастаманы қала тұрғындары көтерген. Қалалықтардың идеясын әкімдік қолдады.

Мерекеге өте кішкентай балалар да, ересек егіздер де келді. Фестивальге 23 жастағы Дастан мен Думан да қатысты. Ағайындылардың бірі екіншісінен 10 минут қана бұрын туған.

– Ағаң сенің көшірмең сияқты болып өмір сүру қызық. Араласатын таныстарымыз әртүрлі. Соның салдарынан түсініспеушілік туындайды. Мысалы, мені ол деп немесе керісінше ойлап, достарымыз көшеде мән бермей өттің деп ренжіп жатады. Көзқарасымыз жиі сәйкес келеді. Мен өзім үшін бірдеңе алсам, ол үшін де аламын. Иә, өмірде бірдеңе ойлар кезде мен өзім үшін де, ағам үшін де ойлаймын, - деді Думан.

Жас жігіттің айтуынша, оқу кезінде сыңары екеуі бір-біріне ұқсас болғанын пайдаланған сәттер болған. Ағасы ол үшін емтиханды сәтті тапсырған. Алайда, екеуі әртүрлі мамандықтарда – бірі құрылысшы, екіншісі металлург мамандығында оқыған.

Тоғыз жасар егіздер Рухан мен Әмина талғамдары бөлек екенін айтты. Бірі вокалмен айналысса, екіншісі сурет салады. Түске деген сүйіспеншілігі бөлек, мінездері де бөлек дейді.

Егіздер фестивалін ұйымдастырушылар мерекені қызықты өткізуге тырысты: олар аниматорларды шақырып, көбік кешін ұйымдастырып, балмұздақ таратты. Ertis Promenade концерттік алаңында қаланың шығармашылық және балалар ұжымдары өнер көрсетті.


Фото: pavlodarnews.kz




Соңғы жаңалықтар