Павлодарда барға келушілер 5 сағат бойы полициядан жасырынып отырған

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Павлодарда караоке барға келушілер бес сағат бойы полициядан жасырынып, шықпай отырған, деп хабарлайды ҚазАқпарат Рavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

Аталған факті бойынша мекеме иесін жауапкершілікке тарту үшін материал тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігі сапасын бақылау басқармасына жіберілді.
- Демалыс күні сағат 22.30-да полицияға Астана көшесі, 16/2 бойынша караоке бардың жұмыс істеп тұрғаны туралы ақпарат келіп түсті. Мекеменің ішіндегілер құлыптап жауып алып, тәртіп сақшыларына есікті ашпай қойған. Бардың жанында полицейлер келушілердің шығуын 5 сағат күтуге мәжбүр болды, ал әкімшілік таңғы 3.30-да ғана мекемені ашты, - дейді облыстық ПД баспасөз қызметінде.

Жеке тұлғаларды тексеру және анықтау үшін полиция бөліміне 28 келуші мен 7 бар қызметкері жеткізілді.
- Демалыс күні 8 бұзушылық анықталды. Сағат 21.40-та Малайсары батыр көшесіндегі қаланың лаундж-барларының бірі жұмыс істеген. Мұнда келушілер кальян шегіп, 30-дан астам адамның қатысуымен би кешін өткізген. Кальян шеккен клиенттерге қатысты ҚР ӘҚБК 441-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды. Мекеме әкімшісі кальян тұтынуға жол бергені үшін ҚР ӘҚБК 441-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы бойынша материалдар жинақталып, тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолданды, - дейді департаментте.

Тәртіп сақшылары азаматтарға мониторинг топтарымен карантин режимін бұзушылықтарды анықтау бойынша жұмыс жалғасып жатқанын еске салады. Сондай-ақ, барлық санитарлық нормаларды сақтауға кеңес береді.


Соңғы жаңалықтар