Павлодарда психоневрологиялық орталықта балаларды қинау бойынша 18 қылмыстық іс қозғалды

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Павлодарда облыстық психоневрологиялық орталықта балаларды қинау бойынша 18 қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Орталықты тексеру барысында санитарлық ережелердің сақталмауы, конституциялық құқықтардың бұзылуы сынды кемшіліктермен қатар балаларды түскі ұйқы кезінде және түнде кереуетке байлау бойынша бұзушылықтарды анықтадық. Олардың көпшілігін ұрып-соққан және ұйқыдан кейін оларды шешіп алуды ұмытқан жағдайлар да болған. Аталған фактілер бойынша облыстық прокуратура 18 қылмыстық іс қозғады», - деді Павлодар облыстық прокуратурасы Қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының басшысы Асхат Қоқымбаев.

Оның айтуынша, прокуратура орталық ұйымының серверіне жазылған видеофайлдарды көрген соң, заңбұзушылықтарды әшкерелеген. Қаңтар айында да қадағалаушы орган кәмелеттік жасқа толмағандардың құқықтарын қорғау мәселесін тексерген және бұл тізімге психоневрологиялық орталық та енген.

«Қазіргі уақытта төрт қылмыстық іс бойынша 110-баптың екінші бөлігіне сәйкес үкім шығарылды. Бір іс сот қаралымында жатыр. Қалған 13 қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр», - деді А. Қоқымбаев.

Қылмыстық іс қозғаудан бөлек, прокуратура Павлодар облысының әкімдігіне табылған бұзушылықтарды жою, балаларды қолайлы ғимаратқа орналастыру жөнінде ұсыным жіберді.

«Балалар жатқан қазіргі ғимарат арнайы мамандандырылмаған. Оның орналасқан жерінің өзі бірнеше заңды бұзып отыр. Интернаттық типтегі, емдеу-сауықтыру ғимараттары қаланың өнеркәсіптік аймағында тұрмауы тиіс. Олар қаланың іскерлік бөлігінде салынуы керек. Ал қазіргі ғимарат өнеркәсіптік кәсіпорындармен, қоймалармен және түзету мекемелерімен көршілес орналасқан. Тіпті қоршаудың арғы бетінде жанар-жағармай қоймасы бар», - деді Асхат Қоқымбаев.


Соңғы жаңалықтар