+7 (701) 759 90 19
USD 388.07 EUR 427.54
RUB 6.08 CNY 55.36
Jańalyqtar

Педагог мәртебесі: Ел күткен екі ұсыныс електен өтпей тұр

2019 жылғы 14 қыркүйек 19:16
Бөлісіңіз:
Педагог мәртебесі: Ел күткен екі ұсыныс електен өтпей тұр

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы - Жер кодексі секілді қазақ қоғамында ең көп талқыланған құжаттың бірі. «Алты алаштың басы қосылса, төр - мұғалімдікі» деген Мағжан сөзінен әлі де мән кетпегенін көрсетсе керек бұл үрдіс. Қалың қауым күтіп отырған маңызды заң жыл соңына дейін қабылдануы тиіс. Мәжілістің қарауында жатқан құжат туралы ҚазАқпарат тілшісі мұғалім мен мемлекет арасында байланыс көпірінің қызметін атқарып жүрген кәсіподақ өкілдерінің пікірін сұрап көрген.

Ұқсас жаңалықтар
Педагог мәртебесі туралы заң жобасын іске асыруға 2020 жылы 390 млрд теңге бөлінеді Сапарбаев педагогтарға: Ашып айтыңыздар, пікірлерді ескереміз Мектеп әлемін өзгертетін - ұстаздар: Елордада халықаралық конференция басталды

15 мың ұсыныстың ең негізгі екеуі өтпей қалған

Қазақстан білім және ғылым саласы қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары Айгүл Мұқашева «Педагог мәртебесі туралы» Заң жобасына ең негізгі деген екі ұсыныс өтпей тұрғанын айтады. Оның бірі 30-35 жылдық еңбек өтілі бар ұстаздарды зейнетке ерте шығару болса, екіншісі айлық есептеудің индикаторын қайта қарауға қатысты.

«Педагог мәртебесі туралы заң жобасы бойынша біздің кәсіподақтың өзіне ғана 15 мыңнан астам ұсыныс түсті. Біз еңбек өтілі 30-35 жылға толған мұғалімдер қалауына қарай зейнетке шығу қажет деген ұсыныс айтқанбыз. Жұмыс тобы ол ұсынысты бірінші нұсқаға енгізген болатын. Бірақ ведомствоаралық комиссиялар алып тастады. Айтатын уәждері біреу ғана. Егер ұстаздарға ондай жеңілдік берсек, балет бишілері мен дәрігерлерге де, шахтерлерге де зейнет жасын қысқарту керек болады дейді. Сонда мұғалімдерге басымдық бере алмасақ, ұстаз мәртебесін қалай көтереміз? Нақты жеңілдіктер мен басымдықтар болмаса, «Педагог мәртебесі туралы» Заң қызыл сөзге құрылған құжат болып қалады емес пе?!», - дейді кәсіподақ өкілі.



Кәсіподақ өкілі ұстаздардың орташа айлығы туралы қазіргі статистиканың шындыққа жанаспайтын тұстарын да алға тартады. Оның айтысына қарағанда, ресми статистикада мұғалімдердің орташа жалақысы 109 мың теңге деп көрсетілген.

«Ал шынтуайтына келсек, мұғалімдердің орташа жалақысы 80 мыңның ар жақ-бер жағында», - дейді Айгүл Мұқашева.

Статистика неге алшақтық көрсетіп тұр дегенге келсек, мұны мамандар ұстаз еңбеақысын базалық лауазымдық жалақыдан бастап есептейтін жүйеден көріп отыр. Оның мөлшері қазір 17 697 теңге екен.

«2000 жылдарға дейін мұғалімнің еңбекақысы ең төменгі жалақыға көбейтіліп есептелетін. Кейін осы базалық лауазымдық жалақы деген шықты. Ешқандай ғылыми негіздемесі жоқ деп санаймын мұны. Өйткені, бұның күнкөріс минимумына да, тұтынушы себетіне де қатысы жоқ. Түйіндей айтқанда, экономикалық табиғаты беймәлім индикаторға педагогтың нәпақасы тәуелді болып тұр. Сондықтан да, біз бұрынғы жүйені қалпына келтіріп, базалық лауазымдық жалақыны ең төменгі айлыққа ауыстыру қажет деп санаймыз. Қазір ең төменгі айлық көрсеткіші 42500 теңге. Яғни, мұғалімнің айлығы да осы сомадан көбейтіліп есептелу керек. Сонда ғана педагогтар еңбегіне лайық жалақы алатын болады», - дейді кәсіподақ өкілі.

Маманның келтірген дерегіне сүйенсек, 2018 жылы кәсіподақтан 20790 мұғалім көмек сұрапты. Ал биыл 1048 жазбаша өтініш қаралған екен. Соның 90 пайызы еңбекақыны дұрыс есептемегені туралы шағым. 2018 жылы 44 қызметкер жұмыстан заңсыз шығарылғаны анықталып, кәсіподақтың араласуымен олар қайта орналасқан. Тіпті оның алтауы сотқа дейін жектен.

«Биылдың өзінде заңсыз шығарылған 20 қызметкер қайтадан жұмысқа алынды. Мысалы, Атырау қаласындағы №26 мектеп директоры тәрбие ісі жөніндегі орынбасарын еңбек келісімшартында көрсетілген мерзімнен бұрын жұмыстан шығармақшы болған. Ол бізге телефон арқылы хабарласып, жұмыстан шығарылатыны туралы жазбаша ескерту алғанын айтты. Сол жерде тұтқаға мектеп директорын шақыртып, мәселе ауызша шешілді. Әлгі хабарламаның күші жойылып, жүгінуші еңбек демалысына шықты. Жұмыстан шығарар кезде тиесілі сауықтыру жәрдемақысын да төлемей қоймақшы болған екен. Оны да төлеттік», - дейді Айгүл Мұқашева.

Айтуынша, мұндай мысалдар кәсіподақтың мұрағатында өте көп.

«Жыл басынан бері білім саласында еңбек заңнамасы 1886 рет бұзылған. Соңғы кезде заңсыздықтар Атырау, Павлодар, Маңғыстау, Жамбыл, Қызылорда облыстарында, Нұр-Сұлтан қаласында жиі кездеседі. 2016 жылы мұғалімдерге тиесілі 122 млн теңге қайтарылды. 2017 жылы 200 млн теңгеге жуық, 2018 жылы 300 млн теңгеге жуық ақша өз иесін тапты. 2019 жылдың бірінші жартысында 119 млн теңге қайта төленді. Осының бәрі жергілікті әкімдіктердің білім саласына қалдықтық прициппен ақша бөлетінін көрсетеді», - дейді кәсіподақ өкілі.

Бұдан бөлек, кәсіподақ өкілі мұғалімді қызметтік міндетінен тыс жұмыстарға мәжбүрлеу, әлеуметтік пакеттерді толық төлемеу сияқты келеңсіздіктер ұстаздардың жүйкесіне қосымша жүк түсіретінін алға тартады. Оның айтуынша, түптеп келгенде мұндай проблеманың барлығы да білім саласының жергілікті әкімдікке бағынышты болуынан туындап отыр.

«Жақында ғана Өскемен қаласынан ұстаздар шағымданды. Оларға еңбек демалысына шыққанда сауықтыруға арналған жәрдемақылары заң бойынша жыл көлемінде істеген сағатына сай төленуі керек еді. Ал әкімдік бюджетте ақша жоқ деген уәжбен барлық ұстаздарға тек бір ставка мөлшерінде ғана ақша аударған. Маңғыстау, Павлодар облыстарында да осындай жағдайлар орын алды. Маңғыстауда тіпті мұғалімдерге тиесілі 6,5 миллиард теңге уақытында төленбеген. Тағы да сол әкімдіктер «ақша жоқ» деген уәжбен төлемей, уақытты созып келген», - дейді Айгүл Мұқашева. Осындай уәжді алға тартқан сарапшылар білім саласы әкімдіктерге кіріптар болмай, тікелей министрлікке бағынуы керек екенін айтады.

Тоқтала кететін жайт, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов заң жобасында педагогтың жүктемесін қысқарту бойынша жеке нормалар көзделгенін айтқан еді. Мысалы, заң жобасы бойынша мұғалімнің кәсіби функциясына кірмейтін міндеттерді жүктеуге, шамадан тыс есеп беруге, негізсіз тексерулер жүргізуге тыйым салынады. Құқық бұзушылық субъектісіне байланысты мұғалімдерді өзіне тән емес функцияларға және артық есеп беруге тартқаны үшін 20-дан 120 АЕК-ке дейін айыппұл салу да заң жобасында қарастырылған.

Бұл ретте кәсіподақ өкілдері мектептерді әкімдікке емес, министрлікке қаратса, жағдай оңынан шешілетініне сенеді.

«Қазір кез келген мәдени шара мен ресми жиынға мұғалімді қара көбейту үшін тарту белең алып тұр. Жергілікті әкімдіктер мектептерге қаржы бөлетіндіктен директор оның айтқанынан ауытқып кете алмайды. Бірнеше жыл бұрын «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңға енген өзгертулер бойынша облыстық білім басқармалары облыс әкімдігіне, аудандық білім беру бөлімдері аудан әкімдіктеріне қаратылды. Оған дейін бәрі тікелей министрлікке бағынатын еді. Мұғалімдер әкімдіктің қолшоқпарына осылай айналды. Өйткені, әкім мектеп директорларын өзі тағайындайтын болды. Негізінде облыстық басқармалар тікелей министрлікке қарауы керек», - дейді ол.

Жұмсауға шебер әкімдіктер мұғалімді қолдауға келгенде олақ болып шыққан. Еңбек демалысына шыққанда ұстаздарға төленетін сауықтыру жәрдемақысының мөлшері екі айлық еңбекақы көлемінде болсын деген ұсыныстың «Педагог мәртебесі туралы» Заң жобасына енуін солар қолдамай қойыпты. Өйткені, мұғалімге төленетін әлеуметтік пакеттің бәрі жергілікті бюджет есебіне жатады.

Айгүл Мұқашева әңгіменің соңында тағы бір қисынға сыймайтын мәселені айтты. Ауыл мұғалімдеріне коммуналдық жәрдемақы ретінде жылына бір рет төлем жасалады екен. Оның мөлшерін облыстық мәслихат бекітуі тиіс. Аязы ақырған Солтүстік Қазақстан облысының мәслихат депутаттары әлгі соманы 1300 теңге деп белгілепті. Бұл жәрдемақы мөлшерін де арнайы нормативпен реттеу керектігін айтады маман.

Жаңа сессияға кіріскен Парламенттің суырмасында «Педагог мәртебесі туралы» су жаңа заң жобасы бар. Үкімет бекіткен құжатты депуттаттар қарап, артық-кемін кесіп-пішеді. Ендеше 730 мыңнан астам мүшесі бар кәсіподақ ұйымының ендігі үміті Парламент депутаттарында.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Есімжан Нақтыбай

Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Бакытжан Ербасов
Бакытжан Ербасов
954-059
REDAKTOR
Ербол Жанат
Ербол Жанат
954-059
REDAKTOR
Айдар Оспаналиев
Айдар Оспаналиев
954-059

MURAǴAT