Петропавл халықаралық әуежайы банкрот деп танылмақ

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл халықаралық әуежайы қызметкерлері бірнеше айдан бері еңбекақысыз отыр. Олардың алашағы 24 млн теңгеге жуық, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавл халықаралық әуежай қызметкерлері онлайн түрде өткен өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың қоғамдық қабылдауына қатысты.

Мамандардың айтуынша, елде карантиндік шектеулер енгізілгелі олардың жағдайлары қиындаған. Қазір компания қызметкерлеріне еңбекақы бойынша 24 млн теңге шамасында берешек.

«Екі айдың ішінде әуежай банкрот деп танылу үшін арнайы процедураны өтеді. Компания «Солтүстік» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының балансына өтеді. Яғни, мемлекет меншігіне алады. Келер жылдың бюджетіне әуежайды ұстауға қажет қаражатты енгіздік. Барлық шығын жергілікті бюджет есебінен өтеледі», - деді СҚО әкімі Құмар Ақсақалов.

Нәтижесінде бұрынғы рейстерден бөлек, жаңа бағыттар бойынша да ұшақтар шығарылмақ. Мамандардың жұмыс орны сақталып қалады және еңбекақылары да өспек.

Петропавл халықаралық әуежайы осыдан 4 жыл бұрын күрделі жөндеуден өтті. Қазір Петропавл халықаралық әуежайынан Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларына ғана рейстер бар.


Соңғы жаңалықтар