Петропавл мектептерінде оқушылар «адалдық елшісін» сайлайды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда қаланың орта білім беретін мекемелері оқушыларының өзіндік басқарма президенттері мен белсенділері жиналып, алда болатын сайлау барысын талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департаменттің жетекшісі Ернар Баянғазин оқушылармен кездесті. Жиын барысында балаларға «Академиялық адалдық саясаты» жобасы жайында айтылды. Басымдық алдағы сайлауға берілді.

«Ең алдымен сендер адалдық пен парасаттылықтың үлгісі болып, өз достарың мен парталастарыңа осы қасиеттерді насихаттауларың керек. Ал сендерге ұстаздарың, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметте құрылған Адалдық және превенция басқармасы көмектесуге әзір», - деді Ернар Баянғазин.

Шара аясында балалармен кездесуге Петропавл қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Имангелді Тәттібаев және Петропавл қалалық қоғамдық кеңесінің төрағасы Бақытжан Сәмиева келді.

«Сендер ер жетесіңдер, бірнеше жылдан кейін еліміздегі кәсіпорындарды, мекемелерді сендер басқарасыңдар. Сол себепті қазірден бастап адал өмір сүруге тырысыңдар. Өйткені, жемқорлық – кез-келген мемлекеттің жауы», - деді Имангелді Тәттібаев.

Кездесу соңында қатысушы оқушылар көшбасшылық қасиеттерін дамытуға мүмкіндік беретін тренингке қатысты. Балалар жиналған халық алдында дұрыс сөйлеуді, өзін ұстауды және таныстыруды меңгеруі үшін түрлі тапсырмалар берілді. Сондай-ақ жағдайға байланысты қалай әрекет ету қажеттігі сөз болып, физиологиялық, психологиялық мүмкіндіктерін бағалайтын жаттығулар орындалды.

Оқушылар жоғары белсенділік көрсетіп, жауапкершіліктен қашпайтындықтарын және кез-келген бастамаларға ашықтығын білдірді.

Соңғы жаңалықтар