Петропавл тұрғыны оңай табысқа кенелемін деп 545 мың теңгесінен айырылды

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл тұрғыны оңай табысқа кенелемін деп 545 мың теңгесінен айырылды. Интернет алаяқтарға сенген ол тіпті несие де ресімдеген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавл тұрғыны интернетте «қаражатты еселейміз» деген хабарландыруды көзі шалады. Тексеріп көрмек болып, ұсынылған сайтқа тіркелген. Келесі күні оған WhatsApp мессенджеріне хабарласып, жобаға қатысу үшін 150 мың теңге салу қажет екені айтылған.

Ер адам шағын несие ұйымынан займ ресімдеп, алған қаражатын алаяққа аударған. Көп кешікпей оны 50 доллар табыс таптыңыз деп қуантады. Қызыққа берілген ол қосымша тағы қаражат салады, ал ұйымдастырушылар ер адамға «дивидендтері» көрсетілген кестелерді жолдап отырған.

Жәбірленуші алданғанын сезіп «табысын» талап еткен. Алайда, алаяқтар табыс алу үшін тағы да салым салу керек деген. Ақырында 545 мың теңгесінен айырылған ер адам полицияға жүгінді. Аталған факті Қылмыстық кодекстің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді.

«Интернет қолданушыларына желідегі «қаражатты жылдам еселеудің» түрлі амалдарына, қаржы пирамидасының көріністері бар ұйымдардың ұсыныстарына сенбеуді ескертеміз. Сондай-ақ, интернет арқылы тауар не қызмет сатып аларда алдын ала төлемге келіспеңіздер. Ал логин, құпия сөз, банк карталарының кодтары, sms-хабарламамен келетін бір реттік кодтар сияқты ақпараттарды құпия ұстау қажет. Бұл ақпараттарды ешкімге хабарлауға болмайды. Естеріңізде болсын, интернет алаяқтықтан қорғанудың негізгі жолы – жеке мәліметтеріңізге ұқыпты қарау», - дейді СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Марат Жұмалиев.


Соңғы жаңалықтар