Петропавлда 11 мыңнан астам адам жер телімін алуға кезекте тұр

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда жеке тұрғын үй салу үшін жер теліміне 11 200 адам кезекте тұр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавлда 10 сотық жерге кезекке тұрғандарға биыл облыс орталығының екі ауданынан жер телімдері берілмек. Облыс орталығындағы «Солнечный» кенті және «Оңтүстік» шағын ауданында екі алаң әзірленеді. Мәселен «Солнечный» кентінде қазіргі уақытта инженерлік-коммуникациялық желі тартылып жатыр. Жоспар бойынша бұл жұмыс осы жылдың соңына дейін аяқталып, кезекте тұрған 357 адамға үй құрылысын жүргізуге 10 сотық жерден беріледі.

«Солнечный» кентінде баспана салуға 2 094 жер телімі бөлінген. Оның 565-інде құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. 211-і «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша берілді.

Ал екінші алаң - Жұмысшы кентінің сыртында орналасқан «Оңтүстік» шағын ауданында былтырдан бастап су құбыры тартылып жатыр. Бұдан басқа электр бағанын орнатып және жол салуға жобалық-сметалық құжат әзірленген. Бұл жұмыстар 2022 жылы аяқталады деп жоспарланған. «Оңтүстік» шағын ауданынан 973 жер телімі берілмек.

Петропавл қалалық әкімдігі мамандарының айтуынша, жаңа аудандарда халыққа қажет мәдени-тұрмыстық нысандар да бой көтереді. Жалпы жер телімі 3 жылға беріледі. Осы уақыт аралығында жер пайдаланылмаса, онда ол мемлекет меншігіне қайтарылады. Бұрын жер жекеменшікке беріліп, ол қолдан-қолға сатылып келген. Енді алынған жерге 3 жыл ішінде міндетті түрде құрылыс жүргізілуі қажет.

Петропавл қаласының сайтында мемлекеттен тиесілі 10 сотық жерді алуға бір адамның 2003 жылдан бері кезекте тұрғанын көруге болады. Биыл жер телімдерін 2005 жылы өтініш бергендер ала бастайды. Осындағы құжатқа сенсек, 2014 жылдан бастап 2019 жылға дейін облыс орталығында 450-ге жуық адам үй құрылысына жер учаскесін алған.


Соңғы жаңалықтар