Петропавлда 3 дәріханада дәрі бағасы негізсіз қымбаттап кеткен

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында дәріханалардың қызметі қатаң бақылауға алынып, күнделікті тексеріліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мәліметінше, өңірде 303 дәрхана болса, соның 106-сы Петропавлда орналасқан. Олардың әрқайсысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жанынан құрылған жұмыс тобының бақылауында. Топқа облыстық мәслихаттың депутаттары, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың және мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері енген.

«Петропавл дәріханаларындағы дәрі-дермектің бағасы мен олардың бар-жоғы тексеріледі. Елімізде вирусқа қарсы препараттарға бағаның өскенін көріп отырмыз. Сондай-ақ қоғамдық мониторинг бұл дәрілердің жетіспеушілігін анықтады», - дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департамент жетекшісі Ернар Баянғазин.

Жұмыс тобы барған дәріханалардың бірі – «Биосферада» дәрі-дәрмектің қымбаттағаны байқалмаса да, ыстық түсіретін «парацетамол» сияқты сұранысқа ие препараттар тапшы.

СҚО-ның бас санитар дәрігері Серікбай Қасмақасовтың айтуынша, сұранысқа ие және елімізде тапшылық байқалған 41 дәрі-дәрмекке облыста күнделікті мониторинг жүргізіледі.

«Петропавл бойынша 8 топ құрылған. Олар дәріханаларды аралап, 41 дәрі-дәрмек бойынша мәлімет жинайды. Біз бұл препараттар бойынша облыс әкіміне және комитетке есеп береміз. Үш күннің ішінде үш ұйымда бағаның негізсіз өскені анықталды. Төрт дистрибьютор бойынша да тексеріс жүргізіледі. Қазіргі уақытта препараттар бойынша дүрлікпе сұраныс жоқ. Парацетамол болмаған жағдайда, оның орнына ыстық түсіретін басқа дәрі-дәрмек бар», - дейді Серікбай Қасмақасов.

Жағдайды тұрақтандыруға өңір тұрғындары да өз үлесін қоса алады. Дәрі-дәрмекке қатысты заңбұзушылықты байқаған жағдайда қоғамдық бақылау картасының 8 - 707 - 564 - 14- 24 телефон нөміріне хабарласу қажет. Қазіргі таңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке тәулігіне 10 шақты осындай хабарлама түседі екен.

Егер дәрі-дәрмек бағасына күмәндансаңыз, DARI.KZ қосымшасы арқылы немесе Adilet-ке кіріп, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің бекітілген бұйрығы арқылы тексере аласыз.


Соңғы жаңалықтар