Петропавлда 5 мыңға жуық отбасы «Birgemiz» қорынан көмек алды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда көмекке мұқтаж 4875 отбасы Елбасының тапсырмасынан кейін 50 мың теңгеден жәрдемақы алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Nur Otan» партиясы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы баспасөз қызметінің мәліметінше, «Birgemiz» қорынан петропавлдықтарға қаржы аударылды. Жәрдемақы тұрмысы нашар, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға берілді.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасынан кейін бұл жұмыстар бірден қолға алынды. 4875 отбасыға 50 мың теңге есепшоттарына түсті. Ол үшін ешқайда барудың, арыз жазудың қажеті жоқ. Алушылардың тізімін жергілікті билік органдары әзірледі. Осы тізімге байланысты төлем жасалды. Бұл жолы бұрын алмаған адамдар алды», - дейді «Nur Otan» СҚОФ төрағасының орынбасары Әсем Рахметова.

Жәрдемақыны бірінші болып алғандардың қатарында Борис Кузнецов бар.

«Мен үшін күтпеген қуанышты жағдай болды. Жақында ғана ауруханадан шықтым. Бұл ақша қазіргі уақытта маған үлкен көмек болды. Осындай акцияның болғаны қандай жақсы», - дейді Петропавл тұрғыны.

«Birgemiz» қорынан бір реттік жәрдемақы 7 санатқа жататын адамдарға беріледі, олар: аз қамтылған көп балалы отбасылар, мұқтаж мүгедектер, асырауында мүгедек баласы бар отбасылар, төмен зейнетақы алатын зейнеткерлер, жетім балалар, соғыс ардагерлері және тыл еңбеккерлері.

Жәрдемақы осымен бесінші рет берілді. Бұған дейін мұндай көмек СҚО-да 18 мың 886 адамға көрсетілген.


Соңғы жаңалықтар