Петропавлда 87 жастағы әже құтқарылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавлда құтқарушылар 87 жастағы әйелді өлімнен аман алып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Төтенше жағдай департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға Петропавл қаласында наурыздың 4-і болған. Букетов көшесіндегі 5 қабатты үйдің тұрғыны Юрий Фильник егде жастағы көршісін бес күндей көрмегеннен кейін құтқарушыларды шақырыпты. Оқиға орнына жедел жеткен мамандар есікті тарсылдатқанымен ешкім ашпаған.

«Есікті бұзбай, терезе арқылы кіруге шешім қабылдадық. Өйткені мұндайда әр минут санаулы. Төртінші қабаттан екінші қабатқа түсіп, пәтерге кірдім. Қарасам жерде әйел жатыр. Есі кіресілі-шығасылы. Бірден есікті ашып, зейнеткерге алғашқы медициналық көмек көрсеттік», - дейді құтқарушы Расул Жиляев.

Көршілерінің айтуына қарағанда, пәтердің иесі Эмма Анатольевна жалғыз тұрады екен. 87 жастағы әйел қант диабетінің асқынған түрімен ауырады. Құтқарушылар жедел жәрдем қызметін шақырып, олар зейнеткерді ауруханаға әкетті. Олардың айтуынша, енді кешіккенде әйелді құтқару неғайбыл еді.

«Біздің күнделікті жұмысымызда неше түрлі оқиға болып жатады. Адамдарға көмектесу - біздің міндетіміз. Дегенмен осы жағдай біздің жадымызда ұзаққа сақталары анық», - дейді жедел-құтқару жасағының құтқару бөлімшесінің жетекшісі Ильдар Хайрутдинов.

Соңғы жаңалықтар