Петропавлда 9,5 мың тұрғын қоғамдық көлікте тегін жүретін болды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда 12 санатқа жататын азаматтар қалалық қоғамдық көлікте тегін қатынайды. Мәслихат депутаттары бүгін осындай шешім қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жетінші шақырылымдағы Петропавл қалалық мәслихатының кезектен тыс 3-ші сессиясында депутаттар халықтың осал тобына қоғамдық көлікте тегін жүруге рұқсат берді.

Петропавл қалалық әкімдігі жеңілдікпен жүретін азаматтардың тізімін жасады. Оған 12 санатқа жататын 9,5 мың тұрғын кіріп отыр.

Олар: 1-2 топ мүгедектері, 16 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі балалар, барлық топтағы 16 жастан 18 жасқа дейінгі мүгедек балалар, 18 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі баланы тәрбиелеп отырған заңды өкілі, ҰОС ардагерлері және оларға теңестірілгендер, басқа мемлекеттер аумағында ұрыс қимылдарының ардагерлері, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, бұған дейін «Батыр ана» атанған көпбалалы аналар, кәмелет жасына толмаған 4 және одан көп баласы бар отбасылардың бір заңды өкілі, соның ішінде колледжде және университетте күндізгі бөлімде оқитын 23 жасқа дейінгі студенттер, саяси қуғын-сүргін құрбандары, аз қамтылған отбасылардың заңды бір өкілі, көп балалы отбасылардың, аз қамтылған отбасылардың мектеп жасындағы балалары.

«Петропавл қалалық әкімдігі жеңілдікпен жүретін жолаушылар үшін тасымалдаушыларға өтемақы төлейді. Ал қоғамдық көлікте тегін жүру құқығына ие болғандарға фотосы бар арнайы карта жасалмақ. Бұл оларға қосымша құжатсыз жол жүруге мүмкіндік береді. Тұрғындар тегін шектеусіз жүріп-тұра алады. Егер карта жоғалып немесе іске жарамай қалса, онда картаны екінші рет ақылы түрде жасатады. Жеңілдік картасы өтініш беру арқылы жасалады», - дейді Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Бақыт Ильясов.


Соңғы жаңалықтар