Петропавлда 94 жастан асқан ҰОС ардагері вакцина салғызды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл тұрғыны, Ұлы Отан соғысының ардагері Николай Дёмин коронавирусқа қарсы вакцина салдыртты, қазір қарияның жағдайы жақсы, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұлы Отан соғысының ардагері Николай Иванович Дёмин Петропавлдағы № 2 қалалық емханаға барып, вакцина салдыртты. Оның екпе алғанына бүгін үшінші күн.

«Емханадан хабарласып, вакцина салдыруға шақырды. Алғашқы екі күн өзімді жайсыз сезіндім. Басым ауырды, әлсіздік болып, жаттым. Мамандар аздап ауыруың мүмкін деп мені ескертті. Ал бүгін өзімді жақсы сезініп тұрмын. Еш жерім ауырмайды. Екпе алғаныма қуаныштымын, енді ауырсам да жеңіл өтеді. Сондықтан барлығын вакцина қойдыруға шақырамын», - дейді соғыс ардагері.

Николай Дёмин 1943 жылдың қазанында 18 жасында әскер қатарына алынып, жарты жылдан кейін майданға аттанған екен. Жаяу және танк әскерлері құрамында соғысқан жауынгер жеңісті Литва жерінде қарсы алыпты. Майданда екі рет жарақаттанған. Ал соғыстан соң зейнет демалысына шыққанға дейін «Есіл су» кәсіпорнында еңбек етті.

СҚО Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, СҚО-да бүгінге дейін 28 мың адам коронавирусқа қарсы екпе алды. Оның 7 мыңға жуығы толық вакцинациядан өтті.

Мамандардың айтуынша, жалпы КВИ жұқтырғандардың 30 %-ы – 4 158 адам – 60 жастан асқандар.


Соңғы жаңалықтар