Петропавлда әкімдерге арналған бес күндік семинар басталды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавлда «Аумақтық дамудың трансформациясы» атты семинар басталды. Аталмыш шараға қала және 13 ауданның әкімі қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әкімдерді ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары, жобалық менеджмент бойынша сертификатталған жаттықтырушы Арман Евниев және ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының өкілдері оқытады.

Мамандардың айтуынша, семинардың мақсаты - кәсіби біліктілікті арттыру және жаңаша ойлау дағдыларын қалыптастыру. Жиынды облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет ашты.

«Аумақтарды дамытуда халықтың әл-ауқатын жақсарту және олардың өмір сапасын арттыру маңызды аспектілердің бірі. 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарының «Қуатты аймақтар және урбанизация» реформасы - бұл әр аймақтың экономикалық тұрғыда өздігінен дамуына бағытталған. Сондықтан бұл семинардың қатысушыларға берері мол деп ойлаймын», - дейді Мадияр Қожахмет.

Арман Евниев қала және аудан әкімдеріне ауыл шарушылығы өнімдері мен экспорт көлемін ұлғайту, мемлекеттік жобаларды тиімді жүзеге асыру сынды тақырыптарда дәріс оқып, өз тәжірибесімен бөліседі.

«Ең алдымен мақсатты айқындау қажет. Тәжірибе көрсетіп отырғандай көптеген мемлекеттік қызметкерлер мен кәсіпкерлерде нақты алға қойған мақсат жоқ. Мақсат өзекті, шындыққа негізделген, қолжетімді және өлшемді болуы керек. Екіншіден, әр жауапкершілікті дербестеу қажет, яғни әр көрсеткішке нақты адам жауап береді. Ал үшіншісі - жұмыс алгоритмі», - дейді ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары, жобалық менеджмент бойынша сертификатталған жаттықтырушы Арман Евниев.

Оның айтуынша, ұзақ мерзімді 10 бағдарлама жасалған. Оның төртеуі өсімдік, тағы осыншасы мал шаруашылығы және жануарлар әлемі, орман шаруашылығы мен аквамәдениетті қамтиды. Бұл жобалардың барлығы бір бағдарламаға біріктірілген. Семинарда осы бағдарламаларды басқару тетіктері қарастырылады.

«Аумақтық дамудың трансформациясы» семинары бес күнге шақталған. Ол наурыздың 11-і мен 15-і аралығында Петропавл қаласында өтеді.

Соңғы жаңалықтар