Петропавлда алғаш рет бір апта бойы QYZYLJAR MUSIC Fest халықаралық фестивалі өтеді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда алғаш рет 1-7 шілде аралығында QYZYLJAR MUSIC Fest халықаралық фестивалі өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының мәліметінше, алғаш рет ұйымдастырылып отырған Qyzyljar Music Fest - қала тұрғындары мен қонақтары үшін Ореп air форматындағы ауқымды жоба. Бір апта бойы бас алаңда дәстүрлі және классикалық музыка, джаз, эстрада, хореография өнерінің концерттері өтеді, «Астана-Опера» театрының «Жібек саты» операсы қойылады.

Петропавлда 1 шілдеде сағат 19.00-де фестивальдің салтанатты ашылуы өтеді, оған аймақтың ұлттық шығармашылық ұжымдары мен солистері, қазақ ұлттық ән аспаптар оркестрі қатысады. «Сегіз сері», «Әлқисса» фольклорлық ансамблдері, «Әдемау», «Туған жер» би ансамблдері, дәстүрлі әншілер - Жанат Айтбаев пен Біржан Есжанов, Ғалымжан Нұрпейісов, Еркебұлан Кәріпов, «Құрмет» орденінің кавалері Дәмеш Құрманкина, сондай-ақ фестиваль қонақтары Ерлан Рысқали, Нұрболат Арзамас қатыспақ.

1 шілденің тақырыбы дәстүрлі музыка болады. 2 шілде джазға арналады. Ақан сері атындағы облыстық филармонияның эстрадалық және джаз музыкасы оркестрі, эстрадалық-симфониялық оркестр өнер көрсетеді.

3 шілде - хореография. Башқұртстан Республикасының «Айтуған» халық би ансамблі, жергілікті би ансамблдері көрермен көңілін көтермек.

4 шілдеде Халық әртісі Айман Мұсақоджаеваның және ҚазҰӨУ студенттік симфониялық оркестрінің концертін тамашалауға болады. Сондай-ақ осы күні әнші Мирас Жүгінісов, Ақан сері атындағы облыстық филармония әртістері өнер көрсетпек.

5 шілде - Марио Стефано Пьетродарканың (Италия, бандонеон), «Астана-Опера» театрының солисі Бағдат Әбілханов пен эстрадалық-симфониялық оркестрдің қатысуымен танымал классикалық музыканың кеші өтеді.

6 шілде - Ақан сері атындағы облыстық филармония әртістерінің концерті, «Астана Опера» опера және балет театрының «Жібек саты» опера-фарсы көрерменге жол тартады.

7 шілде - Крефельд және Менхенгладбах қалаларының біріккен театрының солисі, ҚР Еңбек сіңірген өнер қайраткері, СҚО тумасы Қайыржан Жолдыбаевтың қатысуымен гала-концерт өтіп, фестивальдің жабылуы болады.


Соңғы жаңалықтар