Петропавлда бірнеше дүкенді тонаған күдікті ұсталды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл қаласында полицейлер бірнеше дүкенді тонады деген күдікпен 28 жастағы тұрғынды ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қыркүйек айының басында Петропавлдағы «Сэм» азық-түлік дүкені кассасынан түнде ақша ұрланады. Ұры сауда нысанына терезені ашып түскен.

«Осыған ұқсас ұрлық екі аптадан кейін облыс орталығындағы «Мир одежды» сауда орталығында жасалды. Онда да қарақшы терезе арқылы түсті. Жедел іс-шара нәтижесінде осы қылмысқа қатысы болуы мүмкін күдіктіні анықтадық. Петропавл қаласының 28 жастағы тұрғыны бұрын ұрлық жасағаны үшін жазасын өтеген», - деді Петропавл қалалық полиция басқармасының бірінші бөлім бастығы Балабек Жақин.

Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Қылмысы дәлелденген жағдайда оған 3 мың АЕК мөлшерінде айыппұл салынады немесе 1 мың 200 сағатқа қоғамдық жұмыстарға жегіледі. Ең жоғары жаза – 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру.

Петропавл қалалық полиция басқармасы тергеу бөлімінің бастығы Өмірбек Жаналиновтің айтуынша, сауда орындарында жасалатын қылмыстық істер жиі кездеседі. Тек биыл тергеу бөліміне оннан астам іс түскен.

«Ұрылардың іс-әрекеті көп жағдайда ұқсас келеді. Мәселен, олар сатып алушы ретінде киім өлшейтін бөлмеге бірнеше киімді алып кіреді. Сол жерде чиптерді шешіп, үстеріне қат-қабат киеді. Тез кетуге асыққан мұндай ұрылар әдетте сауда үйінен шықпай жатып ұсталады. Ал қашып кеткендерін жедел іс-шара барысында алысқа ұзатпай қолға түсіреміз», - дейді Өмірбек Жаналинов.

Соңғы жаңалықтар