Петропавлда бос жатқан саяжай учаскелері тегін беріліп жатыр

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда саяжай учаскелері түгенделіп, олардың 600-ден астамының иесіз жатқандығы анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавл қалалық әкімдігінің мәліметінше, облыс орталығында жер қатынастары бөлімінің мамандары бау-бақша серіктестіктерінің төрағаларымен бірге жүйелі түрде жұмыс істеп, бос жатқан жер учаскелерін анықтап жатыр. Тек биылдың өзінде Петропавлдағы «Вишенка», «Лесовод», Легенда», «Борки», «Ромашка СК» және «Фаза» саяжай серіктестіктерінде осындай иесіз 644 учаскені анықтады. Олардың барлығы есепке алынды.

Бұл жұмыстар 2019 жылдан бері жүзеге асып келеді. Осыдан екі жыл бұрын 107 учаске анықталса, былтыр иесіз жылжымайтын мүлік ретінде 90 учаске тіркелді.

«Бұған дейін мен қала маңында бақша егуді сақтап қалу үшін барлық учаскелерге түгендеу жүргізуді тапсырған болатынмын. Биыл 644 жер учаскесі анықталып, иесіз жылжымайтын мүлік ретінде есепке қойылды. Қазірдің өзінде қала тұрғындарының иелігіне бақшамен айналысуға 285 учаске берілді. Барлық рәсімдер тегін жүргізілетінін екенін атап өткім келеді», - дейді Петропавл қаласының әкімі Болат Жұмабеков.

2019 жылы қалалықтарға бау-бақша серіктестіктерінен 161, былтыр 164 жер учаскесі тегін үлестірілді.

Мамандардың айтуынша, қазіргі уақытта Петропавлда сайжай учаскелерінің саны 47 мыңнан асады. Иесіз жер учаскелерін анықтау жұмыстары алдағы жылдары жалғасады.


Соңғы жаңалықтар