Петропавлда дәріхана парацетамол мен аспиринді заңсыз саудалап келген

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлдағы дәріханалардың бірінен бір жарым мыңға жуық пластина дәрілік препарат тәркіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің мамандары Петропавлдағы дәріханаларға тексеріс жүргізді. Осындай мониторингтік іс-шаралардың барысында дәріханалардың бірінен Қазақстанда сатуға тіркелмеген препараттар табылды. Құжатсыз, заңсыз саудаға шығарылған 458 қорап парацетамол және 83 пластина аспирин тәркіленіп, Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің СҚО бойынша департаментіне берілді. Мекеме қызметкерлері заң бойынша шара қолданып, тәркіленген өнімнің болашағын шешеді.

Қазіргі таңда полиция қызметкерлері және басқа да уәкілетті орган өкілдері дәрі-дәрмекке қатысты бағаны негізсіз өсіру және басқа да заңға қайшы деректерді анықтау мақсатында іс-шараларды қолға алды. Осындай мониторингтік тексерістердің бірінде тәртіп сақшылары облыстық экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлерімен бірге «Аспирин Кардио» препаратының аса қымбатқа сатылып жатқанын анықтады. Бір күн бұрын облыс орталығындағы тағы бір дәріханада вирусқа қарсы «Ингавирин» препараты мен «Азитромицин» антибиотигінің қымбат бағаға сатылып жатқандығының беті ашылды.

«Біздің міндетіміз – халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Қолға алынған мониторингтік іс-шаралар халықтың құқығын қорғауға бағытталған. Медициналық препараттар заңсыз сатылған жағдайда немесе бағасын қымбаттатып жіберсе полицияға арыздану керек. Біз тексеріп, тиісті шараларды қолданамыз», - дейді СҚО Полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев.


Соңғы жаңалықтар