Петропавлда электр қуатын тарататын ұйым тұтынушыларға қарыз болып қалды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы тұтынушылардан заңсыз төлем алып келген «Севказэнергосбыт» ЖШС-не қатысты бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгеріссіз, апелляциялық шағымды қанағаттандырусыз қалдырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Энергия тасымалына кететін шығындарды халық есебінен өтеп келген «Севказэнергосбыт» ЖШС-гі енді тұтынушыларға қарыз болып отыр.

Сот компанияны жылу энергиясының шығыны үшін халықтан алынған төлемді қайтаруға міндеттеді.

Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыс бойынша департаментіне тұрғындардан «Севказэнергосбыт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қатысты коммуналдық төлемдерді есептеу тәртібінің заңға сай еместігі жөнінде 2021 жылдың қараша айынан бірнеше рет шағым түскен.

Компания теңгерімдік тиесілік шекарасында орналасқан есептегіш құралдары бар петропавлдықтардан жылу ысыраптары үшін төлем алып келген.

Департамент өз тарапынан тұтынушылардың құқықтарын қорғау мақсатында облыстың мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына талап арыз берді.

Арызда тарифтік ведомство жылу энергиясы ысырабының есебін жарамсыз деп тануды, есептеулер жүргізуді тоқтатуды және 2020-2021 жылдары Петропавл тұрғындарына қайта есептеу жүргізу талап етілді.

Сот «Севказэнергосбыт» ЖШС-нің тұтынушыларға жылу шығындары үшін есеп жүргізу әрекеттерін заңсыз деп танып, компанияға 2020-2021 жылдар кезеңінде жылу шығындары үшін есептелген соманы қайтаруды, есептеу жұмыстарын тоқтатуды міндеттеді.

Бұл шешімнен кейін табиғи монополиялар субъектілері апелляциялық шағымдар берді.

2022 жылғы 29 маусымда облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасы бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгеріссіз, апелляциялық шағымды қанағаттандырусыз қалдырды.


Соңғы жаңалықтар