Петропавлда ерлі-зайыптыны тонағандар ұсталды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавлдық полицейлер ерлі-зайыптыны тонаған күдіктілерді алысқа ұзатпай ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, белгісіз біреулер түнде көшеде келе жатқан ерлі-зайыптыға шабуылдап, қолдағы сөмкелерін жұлып әкеткен. Зардап шеккендер қылмыскерлердің түрін қарап үлгермеген. Сөмке көп ұзамай табылды, бірақ ішіндегі 25 мың теңге қолды болыпты. Тәртіп сақшылары жедел-іздестіру шаралары барысында Петропавл қаласының 20 жастағы тұрғынын ұстады. Жас жігіт бұрын ұрлық жасағаны үшін сотталған болып шықты.

Күдіктінің айтуынша, серігімен бірге қыдыруға шыққан. Көшеде келе жатқан әйел мен ер адамды көріп, сөмкелерін тартып алмақ болған. Ала қашып, аулалардың бірінде сөмке ішіндегі ақшаны алған.

«Петропавл қаласының полиция басқармасына қала тұрғыны Мир көшесінің бойында белгісіз біреулердің тонап кеткені жөнінде арызданды. Облыс орталығының екі тұрғынын ұстадық. Олардың біреуі ұрлық жасағаны үшін бұрын істі болыпты. Қазіргі уақытта олардың басқа да осындай қылмыстарға қатысы бар-жоқтығы анықталып жатыр», - дейді Петропавл қалалық ПБ криминалды полиция бөлімшесінің бастығы Ерболат Қаптаев.

Тәртіп сақшысының сөзінше, қылмыстың бұл түріне 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы берілуі мүмкін. Жалпы, жыл басынан бері облыс орталығында 16 тонау дерегі тіркелсе, оның 9-ы қоғамдық орындарда болған және 11 жағдайда әйелдерге шабуыл жасалған. Қылмыскерлер ұялы телефон мен ақшаға қызығады екен. Ал, тез арада полицияға хабар беру қылмыстың ашылу мүмкіндігін көбейтеді.

Соңғы жаңалықтар