Петропавлда көпқабатты үйлердің үштен біріне жуығы газбен қамтылмаған

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда көп қабатты үйде болған жарылысқа қатысты қала әкімі Болат Жұмабеков пен Солтүстік Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Рамиль Камалов брифинг өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавл қаласының әкімі Болат Жұмабековтың айтуынша, жарылыс болған ғимарат 1971 жылы салынған. 103 пәтер болған. Оқиға орнында кешеден бері мамандар жұмыс істеп, шығын көлемін есептеп жатыр.

«Сағат таңғы 11.00 шамасында ғимаратта қандай жұмыс атқарылуы керек, не жөнделіп, неше терезе салынуы қажет екенін білдік. Сараптама жасалып жатыр. Бүгінде 6 құрылыс компаниясы тиісті қалпына келтіру жұмыстарын атқаруға әзір. Бұл мақсатқа бюджетте қаражат бар. Сондай-ақ демеушілер де көмектесіп жатыр. Қысқа уақытта жөндеу жұмыстарын бастап, аяқтауға тырысамыз», - дейді Болат Жұмабеков.

Жөндеу жұмыстары аяқталғанға дейін тұрғындар туған-туыстарын паналайды. Бара жері жоқтарға жергілікті университеттің жатақханасынан орын берілді, ыстық тамақпен қамтылды. Қазір онда 40 адам тұрып жатыр. Қала әкімінің айтуынша, тұрғындардың баспаналары бағаланып, кейін келген шығын мөлшері өтелмек.

Бес қабатты бұрынғы жатақхананың бірінші қабатында негізінен кәсіпкерлік субъектілері болған. Соның ішінде екі дәмхана, шаштараз және ветеринарлық клиника.

СҚО ТЖД бастығы Рамиль Камаловтың айтуынша, нысандардың аумағы 1,5 мың шаршы метрге жетпейді, сол себепті өрт қауіпсіздігі талаптарының қаншалықты орындалып жатқанын заң бойынша тексеруге құқықтары жоқ.

«Төтенше жағдай кезінде 2 дәмханадан 7 газ баллоны шығарылды. Негізінен 27 литрлік тұрмыстық баллондар. Соның біреуі жарылған болды. Жалын тараған 1-2 қабаттағы пәтерлерден де газ баллондары шығарылды», - дейді Рамиль Камалов.

Жалпы Петропавлда қазіргі уақытта 1150 көпқабатты үй болса, соның 333-і орталықтандырылған газ беру желісіне қосылмаған. Олар негізінен екі қабатты үйлер.

Брифингте зардап шеккендердің қазіргі жағдайы да айтылды.

«Қазір емдеу мекемелерінде 8 адам ем алып жатыр. Жансақтау бөлімшесінде жатқан екі жігіт бас-ми жарақатын алған, оларға бүгінде ота жасалып, жай палатаға ауыстырылды. Қазір жансақтау бөлімшесінде 20 жастағы бір қыз жатыр. Оның денесінің 65 %-ын күйік шалған. Қалғандары түрлі жарақат алған, жағдайлары орташа», - дейді СҚО ТЖД басшысы Рамиль Камалов.


Соңғы жаңалықтар