Петропавлда қосымша екпе пунктері ашылды
Солтүстік Қазақстан облысы Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, Петропавлда 28 сәуірден бастап «CITY MALL» сауда орталығында екпе пункті ашылды. Бұл жерде №3 қалалық емхананың бригадасы Covid-19-ға қарсы вакцина егеді. Екпе орны таңертеңгі сағат 10.00-ден 21.00-ге дейін күнделікті мерекелерге қарамай жұмыс істейді.
Бұдан басқа №1 қалалық емхананың бригадасы «Алтын Арман» сауда орталығында, С.Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада, А.Винокуров спорт сарайында жұмыс істемек. Бұл жерде жылжымалы екпе пункттері сағат 10.00-ден 15.00-ге дейін қабылдайды.
«Қосымша жалпы саны 9 екпе пункті ашылды. Сауда орталықтары мен кітапханадан бөлек медициналық колледжде, Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінде, Жастар сарайында, халыққа қызмет көрсету орталығында, отбасылық денсаулық орталығында жұмыс істеп жатыр. Бұл жылжымалы екпе пункттері сағат 18.00-ге дейін қабылдайды. Екпе емханаға тіркелмеген тұрғындарға, шетел азаматтарына да қойылады. Тек өзімен бірге жеке куәлігі болса жеткілікті», - дейді СҚО Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Гүлнар Қалиева.
Тұрғындар таңдау бойынша екі вакцинаны – отандық «QazVac»-ты немесе ресейлік «Спутник V» препаратын.
Бұған дейін отандық вакцинаны 500-ге жуық СҚО тұрғыны салдырғанын жазған едік.