Петропавлда мүгедек балаларға арналған дамыту орталығы ашылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда Даун синдромы, сөйлеу қабілетінің тежелуі, тірек-қимыл аппараттары қызметінің бұзылуы диагнозы қойылған балаларға арналған «Жүрек жылуы» атты дамыту орталығы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жүрек жылуы» атты дамыту орталығы Петропавлдағы «DIGITAL URPAQ» оқушылар сарайында ашылды. Даун синдромы бар, сөйлеу қабілетінің тежелуі, тірек-қимыл аппараттары қызметінің бұзылуы диагноздары қойылған балаларға арналған кабинет Назарбаев Зияткерлік мектебі физика пәнінің мұғалімі, физика-математика ғылымдарының докторы Дина Құдабаеваның бастамасымен ашылып отыр.

Ол биыл «Жаһандық премияның Қазақстандағы амбассадоры», «Қазақстан мұғалімі - 2020» ұлттық сыйлығының лауреаты атанған. Бұл орталық ұлттық сыйлықтың басты қағидатын, яғни қоғамға қызмет ету идеясын жүзеге асыруды көздейді.

«Біз педагогіміздің бастамасын қолдадық. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының ұжымы жабдықтарды сатып алуға қажетті қаражатты жинадық. Орталықта негізінен волонтерлер еңбек етеді. Болашақта жергілікті университеттің студенттерін де жұмысқа тартамыз. Мұндай орталықтың облыс орталығында болған емес. Кабинет мүмкіндігі шектеулі балаларға үлкен септігін тигізбек», - дейді «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ төрайымы Күләш Шәмшидинова.

Дина Құдабаева мүмкіндігі шектеулі балаларға «Астрономия» пәнінен тегін сабақ береді. Педагог-психологтар да жұмыс істейді. Ата-аналарға арналған оқу сессиялары, психологтың кеңесі ұйымдастырылып, ғылыми жаңалықтар жайлы танымдық фильмдер көрсетілмек. Одан бөлек орталық әлемде Даун синдромына шалдыққандар арасында алғаш болып жоғары білім алып, колледжде сабақ беретін испандық Pablo Peneda-мен әріптестік байланыс та болмақ.

«Өкінішке қарай Петропавлда ерекше қажеттілігі бар балаларды дамытуға арналған орталықтар жоқ. Тек ақылы түрде жұмыс істейтін психологтар ғана бар. Сондықтан осындай бастама көтеріп, әлеуметтік мәселені шешуге өз үлесімді қосуды жөн санадым», - дейді Дина Құдабаева.


Соңғы жаңалықтар