Петропавлда синтетикалық есірткі жасап келген шағын зертхана жойылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда полицейлер синтетикалық есірткі шығарып келген шағын зертхананы анықтап, жойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жыл басында полицейлер назарына күдік тудырған бірнеше жігіт ілігеді. Олар Петропавл аумағында синтетикалық есірткілерді таратып келген. 2 ақпан күні есірткіні жасырын орынға салып жатқан жерінен 26 жастағы қала тұрғыны ұсталды.

Тінту кезінде одан он бес түйіншек табылып, тәркіленді. Сараптама оның ең қауіпті синтетикалық есірткілердің бірі - «мефедрон» екенін көрсетті. Бастапқыда ер адам өзінің бұл затқа қатысы жоқтығын дәлелдеп бақты. Бірақ көп ұзамай жедел уәкілдердің оның кәсібі туралы жақсы хабардар екенін түсініп, түсініктемелерін өзгертті.

Жігіттің айтуынша, ол есірткіні интернет арқылы алып отырған. Оның міндетіне түйіншектерді белгілі жерлерге жасырып, қалдыру кіріпті.

Көп ұзамай полицейлер «сатушыны» да қолға түсірді. Петропавлдың 26 жастағы тұрғынының жалдамалы пәтерінен есірткі жасауға арналған құрал-жабдық және сатуға дайын тұрған 160 грамм синтетикалық есірткі табылып, тәркіленді.

«Синтетикалық есірткі үшін аса ірі мөлшер үш грамнан басталады, бұл синтетикалық есірткілердің қаншалықты қауіпті екенін көрсетеді. Аталған фактіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Ұсталғандар Петропавл қалалық полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды», - дейді СҚО Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Жандос Басыбаев.

Екі күдікті 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылулары мүмкін.

Басты фигурант есірткі сататын интернет-дүкеннің жұмысын жүргізді деген күдікке ілінген. Жалдамалы пәтерден індетке қарсы костюмдер, салатын материалдар, таразы, синтетикалық есірткіні жасауға қажетті сұйық компоненттер табылды, яғни шағын зертхана ұйымдастырылғаны анық.

Жыл басынан солтүстікқазақстандық полицейлер осымен екінші есірткі зертханасын әшкерелеп отыр.


Соңғы жаңалықтар