Петропавлда тиісті талаптарды орындамаған компаниялармен келісімшарт бұзылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл қалалық әкімдігі тиісті талаптарды орындамағаны үшін жолаушы тасымалдайтын «Аврора-Транссервис» және «ПАРТНЕР-АВТО» ЖШС-мен екі бағыт бойынша келісімшартты бұзды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавл қалалық әкімдігі екі жолаушы тасымалдаушы компаниямен келісімшартты бұзды. Оның бірі - «Аврора-Транссервис» ЖШС, бұл компания 14-інші бағытта жұмыс істеді. Екіншісі - «Партнер-Авто» ЖШС, 8-інші бағытта жолаушы тасымалдады. 14-бағыт Прибрежный елді мекенінен 20 ықшамауданға дейін барады. Ал 8-бағыт Борки-Жұмысшы кентіне қызмет көрсетеді.

«Бұл екі кәсіпорын да үлкен қаржылай қиындықты бастан өткеріп жатыр.

Сондай-ақ маман жетіспеушілігі мәселесі бар. Қосымша резервтік көліктері жоқ. Мұның барлығы – компанияның жұмысына кедергі келтіріп, шығынға ұшыратты. Заң бойынша жолаушылар тасымалымен айналысатын кәсіпорынның екі ай уақыт бағыттағы көліктері 70 %-дан аз болса, жергілікті атқарушы орган онымен келісімшартты бұзуға құқылы. Қазір әкімдік жаңа конкурс өткенге дейін басқа компаниялармен уақытша келісімге отырды», -

дейді «СҚО Автокөлік одағы» қауымдастығының төрағасы Галина Семенова.

Жақында облыс орталығына жаңа автобустар келмек. Бұл қоғамдық көлік жұмысын қайта құруға сеп болмақ.

«Жаңа автобустар көптеген мәселені шешуге мүмкіндік береді деп ойлаймыз.

Кей бағыттар қайта қаралуы мүмкін. Қызмет көрсету сапасы жақсарады. Петропавлда қоғамдық көлікке деген сұраныс толық қанағаттандырылады. Қазіргі уақытта кей бағыттар бір-бірін қайталайды, бұл – тиімсіз.

Тасымалдаушылар шығынға батады. Осыған байланысты бағыттар оңтайландырылады. Екі жақты тиімді кесте құрылады.

Петропавл тұрғындарын да ескерткіміз келеді. Петропавлға сыйымдылығы жоғары үлкен автобустар келген жағдайда, қоғамдық көліктердің интервалы 2-3 минутқа ұлғайтылып, орта есеппен қазіргі 6 минуттан 10 минутқа жеткізіледі. Жолақы өспейді, тұрғындардың қалтасына салмақ салмау үшін тасымалдаушыларға субсидия беріледі», - дейді Галина Семенова.

«Аврора-Транссервис» компаниясының бұдан басқа 2 бағытта автобустары жүр. «Партнер-Автоның» шамамен 5-6 бағыты бар. Олармен тек бір бағыт бойынша ғана келісімшарт бұзылды.

2014 жылы Петропавлда 350 автобус күнделікті бағытқа шықса, қазір облыс орталығында 200-дей автобус жолаушы тасымалдайды. 10 компания қызмет көрсетеді.


Соңғы жаңалықтар