Петропавлда тұмаудың өршуіне байланысты бір мектеп карантинге жабылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда өткір респираторлық жұқпалы аурулар мен тұмаудың белең алуына байланысты бір мектеп толығымен және 5 білім ордасының отыздан астам сыныбы карантинге жабылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавлда респираторлық жұқпалы аурулар өршіп тұр. СҚО Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, облыстық балалар ауруханасының жұқпалы аурулар бөліміне вирусты инфекция жұқтырған 40-тан астам бала күнделікті қаралса, 71-і қазір ем қабылдап жатыр.

Суық тигізгендер мен тұмауды жұқтырғандардың артуына байланысты Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектепті карантинге жабуға тура келген. Білім ордасында 600-ден астам оқушы оқиды, соның 30% астамы денсаулығына байланысты сабақты қалдырған. Бұдан басқа қала мектептеріндегі тағы 31 сыныпта да оқу процесі уақытша тоқтатылды.

«Санитарлық эпидемиологиялық талаптың ережелерін басшалаққа ала отыра білім ордасында сабақтар уақытша тоқтатылды. Қазіргі уақытта №9,5,24,26 орта мектептер мен «Бэст» гимназиясында кейбір сыныптар карантинге жабылды. Бұл сыныптарда сабақ 5-7 күнге тоқтатылады. Күн сайын қаладағы барлық мектеп әкімшілігі бізге есеп беріп отырады», - дейді Петропавл қалалық білім бөлімі әдістеме кабинетінің меңгерушісі Айнұр Сүйіндікова.

Ал облыстық білім басқармасының мәліметінше, аудандарда әзірше балалардың жаппай ауыру дерегі тіркелген жоқ.


Соңғы жаңалықтар