Петропавлда үй-жайы жоқ азаматтар тегін ыстық тамақпен қамтылып жатыр

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Тұрақты мекенжайы жоқ адамдарды анықтау үшін тәртіп сақшылары күнделікті рейдтер ұйымдастырса, қайырымдылық қорлары қаңғыбастарды ыстық тамақпен қамтамасыз етіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавл қаласындағы ІІБ үй-күйі және құжаты жоқ азаматтарды қабылдап-тарату бөліміне тәулігіне 20-30 адам жеткізіледі. Бұл жерде олардың құжаттары, қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріледі.

«Жыл басынан бері бізге 1340 адам жеткізілді. Қазір күн сайын 15-25 адам өздері келеді. Оларға түрлі қайырымдылық қорлары, шіркеу өкілдері мен еріктілер ыстық тамақ әкеледі, киім-кешек береді», - дейді қабылдап-тарату орны бастығының міндетін атқарушы Павел Ющенко.

Тұрақты мекенжайы жоқ жандарға арналған тағы бір әлеуметтік орын Петропавлда бұрынғы ескі мектептің ғимаратында 2015 жылы ашылды. Тек қыстыгүні жұмыс істейтін панахана 60 орынға шақталған.

«Бүгін ыстық тамақтан бөлек жылы киімдер, жамылғыштар, қолғап, шұлық, аяқ киім әкелдік. Ішерге тамағы, киерге киімі жоқ жандарға бұл аз да болса көмек. Мұндай адамдарды қамқорлығымызға алғанымызға бірнеше жыл болды. Бұдан басқа гуманитарлық көмекті жалғызбасты зейнеткерлерге және басқа да көмекке мұқтаж жандарға көрсетеміз», - дейді «Қазақстанның Қызыл ай қоғамы» облыстық филиалының директоры Сәуле Оразова.
null null

Петропавлда үй-күйі жоқ 200-ден астам адам ресми тіркелген. Сақылдаған сары аяз, әсіресе осындай кезбелер үшін қауіпті. Жыл басынан бері №3 қалалық аурухананың жарақат зардабын емдеу бөліміне үсік шалған 30-дан астам адам түссе, соның басым бөлігі - тұрақты мекенжайы жоқ жандар.

null

Соңғы жаңалықтар