Петропавлда жалғызбасты зейнеткерлердің үйлеріне өрт датчиктері орнатылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда кәсіподақ ұйымы мен төтенше жағдайлар басқармасының мамандары жалғызбасты зейнеткерлердің үйлеріне өртке қарсы датчиктер орнатты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының 8 мыңнан астам мүшесі бар. Ұйым ұстаздар күні кәсіби мерекесі қарсаңында жалғызбасты ардагер-ұстаздарға сыйлық жасап, үйлеріне өрт датчиктерін орнатқызды.

«Біз өз зейнеткерлерімізді ұмыт қалдырмауға тырысамыз. Әр мерекеде құттықтап, кездесіп тұрамыз. Бұл жолы олардың қауіпсіздігі үшін үйлеріне өрт дабылқаққыштарын орнатуды жөн санадық. Жалғызбасты 6 зейнеткеріміз бар. Олардың екеуі Жұмысшы кентінде, қалғандары Копай, Былғары зауыты аудандарында жер үйлерде тұрады», - дейді СҚО білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы комитетінің бас маманы Жандос Базарбаев.

Төтенше жағдайлар қызметі былтыр облыста көпбалалы және әлеуметтік аз қымтылған отбасылардың 538-іне улы газ және түтін датчиктерін орнатты. Биыл мұндай құрылғылардың 249-ы қойылды. Бұл жұмыстар әлі жалғасын таппақ.


«Егде жастағы адамдарда есту, көру, иіс сезу қабілеті төмендейді. Қарт адамның өрт кезінде түтіннің иісін сезбеуі мүмкін. Датчиктер түтін шыққан уақытта бірден хабардар етіп, өртті өршітпей ерте кезден сөндіруге мүмкіндік береді. Өрт ошағын ерте анықтау жұрттың мүлкін, бірінші кезекте адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтауға көмектеседі. Құрылғыларды орнатудан басқа тұрғындардың пештерді, газ плиталарын, электр жабдықтарын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау қажеттілігі туралы жадынамалар таратылады. Сондай-ақ, оларға өрт туындаған жағдайда әрекет ету тәртібі түсіндірілді», - дейді Петропавл қаласы ТЖБ бас маманы Әсет Шайкин.




Соңғы жаңалықтар