Петропавлда жаңа үйлерде отбасылық-дәрігерлік амбулаториялар ашылады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавл қаласында салынып жатқан жаңа үйлерде отбасылық-дәрігерлік амбулаториялар ашылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әкімдігінің отырысында өңір басшысы Құмар Ақсақалов «Nur Otan» съезінде Елбасының айқындаған тапсырмаларын орындау бойынша өз жоспарларымен бөлісті.

Елбасы білім беру және денсаулық сақтау саласына көп көңіл бөліп отыр. Алғашқы медициналық көмек бойынша жұмысқа қарқын қосылады. Бұл салаға қаржы көлемі 40 тан 60 %-ға дейін өспек. Солтүстік Қазақстан облысына 10 млрд теңге бағытталмақ, бұрын бұл сома 8 млрд теңге еді.

«Ойқала және Жас Өркен аудандарында бірде-бір дәрігерлік-отбасылық амбулатория жоқ. «Берекеде» дәрігерлерге ауыртпалық үлкен. Тұрғындар орталыққа барып көрінуге мәжбүр. Қазіргі мақсат - амбулаторияларды ыңғайлы етіп жақын орналастыру. Біз осы шағынаудандарда медициналық орталықтар ашып, 5-6 дәрігерді бекітеміз. Олар салынып жатқан үйлерде орналаспақ. Биыл қалада 3 амбулатория ашылады», - деді Құмар Ақсақалов.

СҚО әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, білім беру саласында да жаңалық көп. Биыл 10 колледж жаңартылмақ. Бес жыл бұрын барлық колледждерді жөндеуге 300 млн теңге жұмсалса, енді «Жас маман» жобасы аясында әр колледжге 350 млн теңге бөлінбекші. Бұл білім мекемелерінде студенттердің 70 пайызы оқиды.

Мамандардың айтуынша, әлеуметтік салаға бүкіл бюджеттің 43 пайызы бағытталады. Бұл - шамамен 90 млрд теңге. Сондай-ақ қосымша 10 млрд теңге бөлу жоспарланған.

Соңғы жаңалықтар