Петропавлда жаңа ықшам аудан бой көтерді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавлда 10 сотық жерге кезекке тұрғандардың саны 10 мыңға жуық. Қалалық әкімдік жер телімдерін беріп қана қоймай, ол жерге үй салып беріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавл қаласының шетінде «Солнечный-2» деп аталатын жаңа ықшам аудан бой көтерді. Мұнда біркелкі жоба бойынша 200-ден астам бір қабатты үй салынған. Құрылыс «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылып, баспаналар жер телімдеріне кезекте тұрғандарға берілмек.

«Жоба 2017 жылдан бастап жүзеге асырылып келеді. Баспаналар екі үлгі бойынша салынып жатыр. Үйлердің аумағы 70-90 шаршы метрге дейін, аулаларына кеспе тас төселеді. Оған қоса, елді мекенге инженерлік желілерді тарту, жол салу жоспарланған»,-дейді Петропавл құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі Мариям Мұқашева.null

Нысанда екі мердігер құрылыс компаниясы жұмыс істеп жатыр. Компания өкілдерінің айтуынша, үйлер дайын күйінде тапсырылады. Асхана мен қонақ бөлмесі қосылған, екі жатын бөлмесі бар. Орталықтандырылған жылыту жүйесі жоқ, яғни пешті тұрғын өзі жағады. Есесіне су үйге кіргізілген, кәріз жүйесі тартылған.

«Қалалық әкімшілік банкке алатын кісілердің тізімін беруі тиіс. Сол тізім бойынша банк жұмыс істеп, төлем қабілеттілігін тексереді. Үйдің бір шаршы метрінің бағасы 120 мың теңге», - дейді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ СҚОФ маманы Алтай Жуанышпаев.

Петропавл қалалық әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің ресми интернет-ресурсындағы ақпарат бойынша, облыс орталығында жер телімдері тұрғындарға 2014 жылдан беріле бастады. Осы аралықта 500-ден астам учаске үлестірілген. Қазір 10 сотық жерге кезек 10 мыңға жуықтаған.

Соңғы жаңалықтар