Петропавлда жиһаз жасайтын цех ашып алған тұрғын үйден өрт шықты

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлдағы Жұмысшы кентінде бір қабатты үй өртеніп, мамандар ғимараттың ішінен 3 газ баллонын шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Төтенше жағдайлар басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлдағы Жұмысшы кентінде орналасқан Суворов, 256 мекенжайындағы үйдің отқа оранғандығы жөнінде хабар 101 нөміріне таңғы сағат 07.07-де түскен.

Мамандар оқиға орнына жеткенде от бір қабатты үйдің кіреберісі мен шатырын шарпып үлгерген екен. Екі өрт сөндіру бөлімінің 12 қызметкері 3 техниканың көмегімен жалынды шамамен бір сағаттың ішінде толық ауыздықтады. Үйден 3 газ баллоны шығарылған.

Өрттің салдарынан үйге айтарлықтай зиян келді. Ғимараттың 30 шаршы метр шатыры және кіреберіс веранда жанып кетті. Дүние-мүлік те зақымданды.

Мамандардың айтуынша, үй жалға беріліп, ол жиһаз цехы ретінде пайдаланылып келген. Қазір үй иесі анықталып жатыр. Өрттің шығу себебі мен келген шығын мөлшері әзірше, белгісіз.

Жалпы жыл басынан Петропавлдағы Жұмысшы кентінде ғана тоғыз өрт тіркеліп, 3 адам қаза болған.


Соңғы жаңалықтар