Петропавлдағы қоқыс полигонында экологиялық заңнама сақталмаған

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлдағы тұрмыстық қатты қалдықтар полигоны талапқа сай жұмыс істемейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстікқазақстандық экологтар қоғам өкілдерінен құралған мониторингтік топпен бірге Петропавлдағы тұрмыстық қатты қалдықтар полигонында болып, жағдайды көзбен көрді. Өйткені қоқыс алаңы жиі өртеніп, жағымсыз иіс ауаға таралуынан тұрғындар тарапынан түсетін шағым көп.

«Петропавлдағы бұл полигон 1996 жылдан бері пайдаланып келеді. 20 гектар аумақты алып жатыр. Қазіргі уақытта ол 70% толған. Қатты қалдықтарды талаптарды сақтай отыра дұрыс орналастырылмағандықтан мұнда жиі өрт шығады. Кәсіпорынның мәліметінше, қазіргі таңда олардың инертті материал алуға болатын карьері бар. Алайда кәсіпорын қаржы тапшылығынан және арнайы техниканың жоқтығынан оны пайдалана алмай отыр», - дейді СҚО Экология департаменті басшысының орынбасары Азамат Бектасов.

Бұдан басқа былтыр жаңа Экологиялық Кодекс күшіне енді. Ол бойынша қоқыс полигонына пластик, полиэтилен, макулатура және әйнекті қабылдауға тыйым салынған. Бұл талап та мұнда орындалып жатқан жоқ.

Мамандардың айтуынша, Петропавлдағы тұрмыстық қатты қалдықтар полигонына күнделікті 130 тонна қоқыс әкелінеді. Былтыр кәсіпорын 5 млн теңгеге қалдықтарды іріктейтін желіні сатып алды. Бұл жылына 20 мың тонна қоқысты іріктеуге мүмкіндік бермек. Жаңа желі тек биыл маусым-шілде айларында ғана қосылмақ.

Азамат Бектасовтың айтуынша, «Ғарыш сапары» ұлттық компаниясымен жасалған келісім бар. Олар облыс орталығынан 50 шақырым радиустағы аумақты қамтып, ғарыштан түсірілген кескіндерді береді. Нәтижесінде былтыр рұқсатсыз ашылған 886 қоқыс алаңы анықталды. Қала, аудандық әкімдіктермен белсенді жұмыс істеудің барысында олардың санын 25 % азайту мүмкін болды. Экология зиян келтіруге жол бергені үшін 8 ауылдық округтің әкімі әкімшілік жазаға тартылды.

Жалпы, қазір өңірде 400-ден астам қоқыс полигоны болса, соның тек 17-сінің ғана рұқсат құжаты бар.

Соңғы жаңалықтар