Петропавлдық оқушылар «Minecraft» платформасында республикалық сайыс өткізді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлдағы Назарбаев Зияткерлік мектебі оқушыларының ұйымдастыруымен Наурыз мерекесіне орай виртуалды түрде «Садақ ату», «Қазақ күресі» мен «Аламан бәйгеден» республикалық жарыс өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавлдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары «Minecraft» ойын платформасының мүмкіндіктерін пайдаланып, Наурыз мерекесіне орай ұлттық ойындардан сайыс ұйымдастырды. Балалар виртуалды түрде киіз үйлер тігіп, жарыс алаңдарын құрастырды.

«Minecraft» - мектеп оқушылары арасында әлем бойынша жоғары сұранысқа ие ойын. Оған біз ұлттық құндылығымызды қосуды жөн санадық. Оқушылар сайыс ережелерін өздері жасады. Платформада балалар бір-бірімен күресіп, тіпті атқа мініп шаба алады. Мергендіктерін сынап көру үшін «Садақ атуды» таңдадық. Шетелдік ойынға осылайша ұлттық дүниемізді қосып, ұтымды пайдаландық», - дейді Петропавлдағы Назарбаев Зияткерлік мектебі директоры Данияр Уәлиев.

Петропавлдағы Назарбаев Зияткерлік мектебі баспасөз қызметінің мәліметінше, жылда НЗМ желісінде «Наурыз кездесулері» ғылыми жобалар сайысы ұйымдастырылады. Биыл карантинге байланысты дәстүрлі кездесу онлайн форматта өтті. Ұлттық ойындар сайысы сол іс-шараға орайластырылған. Қазақстандағы барлық Зияткерлік мектептердің оқушылары «Minecraft» платформасында кездеседі. Шарадан кейін де әрбір оқушы мектеп серверінде ойынды жалғастыра алады.

Нәтижесінде Ақтаудағы НЗМ оқушысы Нұргелді Есенгелді аламан бәйгеден жеңімпаз атанды. Күресте Алматыдағы НЗМ оқушысы Мағжан Иламбек бәрінен басым түсті. Ал садақ атудан Ақтөбе қаласындағы НЗМ оқушысы Ислам Багиров мергендігін көрсетті.

Бұған дейін Петропавлдағы НЗМ оқушылары «Minecraft» платформасында Солтүстік Қазақстан облысының киелі жерлерінің картасына енген нысандардың дәл көшірмесін жасаған болатын. Жобаға Айғаным қонысы, Ағынтай-Қарасай батырлар кесенесі, Ботай қонысы сынды тағы басқа нысандар енді. Қазір оған кез келген ойыншы виртуалды ғимараттарға кіріп саяхат жасай алады.


Соңғы жаңалықтар